«Ақ жол» фракциясы қомақты айыппұлдары үшін ӘҚбтК-не өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қолдамады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Мәселені Азат Перуашев тарқатып айтты.
«Заң жобасына «Ақ жол» Демпартиясының депутаттары кәсіпкерлеге салатын артықша ауыр айыппұлдарды 3-5 есе азайту туралы бірнеше түзету ұсынған болатынбыз. Өкінішке қарай, не жұмыс тобы, не Мәжілістің Бюросы, яғни барлық басқа фракциялар осы айыппұлдарды казіргі, демек ауыр көлемінде қалдыруды қалады. Уәждері қарапайым — айыппұлдар бұзушылықтардың алдын алу және тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін қажет. Алайда, аталмыш заң жобасын талқылау барысында «Ақ жол» фракциясына 2 мыңнан астам кәсіпкерден аталған айыппұлдарды азайтуды сұраған өтініштер түскен. Және олардың айтуынша, айыппұлдардың қомақтылығы бұзушылықтарды алдын алу үшін емес, бақылау органдарының бопсалауы үшін қызмет етеді. Өйткені бағадағы қателік үшін 700 мың теңге төлеуден гөрі, тексерушіге 100 мың бере салған оңай. Сондықтан, бұл нормалар бүгінде алдын алу үшін емес, бизнесті бопсалау үшін қолданыла бастады», — деді ол.
Депутат әлеуметтік желіде жарияланған бір жазбаны мысалға келтірді.
«Кеше ғана EGOV-PRESS телеграм арнасында әр учаскеде дәл осы ӘҚБтК-нің баптары бойынша кемінде 200 құқық протокол рәсімдеу туралы полицияның дауыстық бұйрығы жарияланды. Бұл ақылға қонымсыз айыппұлдардың қалай қолданылатындығы туралы нақты мысал. Ал бүгінгі заңға түзетулердің 80 пайызы репрессиялық сипатқа ие – айыппұлдар, айыппұлдар, айыппұлдар. Біздің шенеуніктер мемлекет тек жазалап ғана қоймай, реттеу саясатының айыппұл салудан бөлек, ынталандыратынын түсіндіруі керектігін ұмытқан сияқты. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғауға жүгінгенде олар шағын және орта бизнестің қалай жұмыс істейтінін білмейтін құдды бір аспаннан салбырап түскендер сияқты сөйлейді. Үйдің жанындағы дүкеннің күнделікті пайдасы 30-50 мың теңге болса, оған 100 мың айыппұл салынса, ол ақшаны қайдан алады? Тек тауар бағасын көтеріп, бұл айыппұлды сатып алушыларға жүктеу арқылы ғана өтейді. Әсіресе, бұл айыппұлдар тұрақты болғанда, кәсіпкерлер дәл осы туралы хабарлауда. Сондықтан орынсыз қомақты айыппұлдар шын мәнінде тұтынушыларды қорғамайды, керісінше Ұлттық банктің соқыр саясаты мен доллардың құбылмалы бағамына қоса инфляцияға ықпал етеді», — деді ол.
Перуашевтің пікірінше, жазалау мен ауырлықтың өзара теңгерімі керек, бұл — құқықтың басты принциптерінің бірі.
«Құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау 200 теңге тұратын картоптың баға белгісіндегі қателік үшін 200 мың айыппұл салынған кезде емес, айыппұлдар бұзушылықтардың ауырлығына сәйкес болғанда ғана жұмыс істейді. Немесе сапасыз өнімге айыппұл салынып қана қоймай, сатылымнан алынған жағдайда. Бірақ қайтарып алу және алып қою процедуралары сіздерде жұмыс істемейді, тексеруші мырзалар. Ол туралы біз 2018 жылдан бері айтып келеміз. Сіздер айыппұлды желеу етіп бопсалаумен айналысып жүрсіздер, ал сапасыз тауарлар сөрелерде тұрған күйі қалады. «Жаңа адамдар» жастарының мерзімі өткен тауарларға қатысты талаптары да осыдан шығады. Шенеунік мырзалар, сіздер үшін мен ұялып отырмын.
Бір рет болса да жылы кеңселерден шығып, кәсіпкердің немесе тұтынушының орнына барып тұрып көріңіздер. Сіздер әлдебір «Штрафстанды» құрып жатырсыздар. Ал «Ақ жол» фракциясы қалыпты нарықтық экономиканы құруды ұсынады. Және біз дұрыс шешімдерге қол жеткізбейінше, бұл мәселені қаузай беруден тайынбаймыз. Сондықтан, бүгін фракциямыз бұл заң жобасына қарсы дауыс береді», — деді ол.