Халықаралық қарттар күніне орай Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков аға буын өкілдерінің шаңырағына барды. Ол қарияларды мерекемен құттықтап, қала дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қала әкімі Рахматулла Мәуленов, Өркен Әбдіреев, Шәки Күлмажитов және Сәбит Рүстемовтің үйлерінде болды. Кездесу барысында ардагерлер еңбек жолы, өмірлік тәжірибесі және отбасылық дәстүрлері туралы әңгімеледі.
Ғабит Сыздықбеков қариялардың көп жылғы еңбегі кейінгі ұрпақ үшін маңызды өнеге екенін атап өтті. Оларға естелік сыйлықтар табыстап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық береке мен жан тыныштығын тіледі.
Қазіргі уақытта Шымкентте 105 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Қалада олардың өмір сүру сапасын арттыруға, денсаулығын нығайтуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталған қолдау шаралары жүзеге асырылуда.
Қарияларға әлеуметтік төлемдер қарастырылған
Қарттар күніне орай жасы 70-тен асқан 29 841 тұрғынға үш АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл қолдау аға буын өкілдерінің тұрмыстық қажеттілігіне жұмсауына арналған.
Сонымен қатар 80 жастан асқан жалғызбасты 101 қарияға ай сайын екі АЕК көлемінде әлеуметтік төлем беріледі. Мұндай көмек тұрақты қолдауды қажет ететін егде жастағы азаматтарды қамтиды.
Биыл 8 735 адамды санаторий-курорттық жолдамамен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінге дейін 5 090 зейнеткер шипажайларда демалып, денсаулығын қалпына келтіру мүмкіндігіне ие болды.

«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының төрт бөлімшесіне күн сайын 800-ден астам зейнеткер келеді. Мұнда спорттық, шығармашылық және сауықтыру бағытындағы сабақтар мен түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
Шымкентте 70 жастан асқан тұрғындар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Сондай-ақ қарияларға театрларға, музейлерге, хайуанаттар бағы мен дендросаябаққа тегін баруға мүмкіндік берілген.
Мұндай шаралар егде жастағы азаматтардың белсенді өмір салтын ұстануына, денсаулығын нығайтуына және қаланың қоғамдық-мәдени өміріне еркін араласуына жағдай жасайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







