Шымкентте тұрғындардың шахматпен тұрақты айналысуына арналған үш жаңа шахмат үйі пайдалануға берілді. Нысандар Абай саябағында, Металлургтер саябағында және 17-шағынаудандағы жаяу жүргіншілер аллеясында орналасқан, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және Халықаралық шахмат федерациясы мен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов қатысты. Қонақтар жаңа павильондардың мүмкіндіктерімен танысты.
Қала әкімі шахмат үйлері тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және балалар мен жастардың ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік беретінін айтты. Мұндай алаңдарда әуесқойлар мен тәжірибелі ойыншылар бас қосып, тұрақты жаттыға алады.
2024 жылы Орталық саябақта ардагерлер мен аға буын өкілдеріне арналған Шахмат үйі ашылған еді. Жаңа үш нысан қалада шахматты қолжетімді бұқаралық спорт түріне айналдыруға бағытталған бастаманың жалғасы болды.
Жаңа павильондар арнайы үстелдермен жабдықталды
Ең үлкен шахмат үйі Абай саябағында орналасқан. Оның жалпы аумағы 223 шаршы метр болса, қалған екі павильонның әрқайсысы 81 шаршы метрді құрайды. Нысандардың бірінде жазғы терраса қарастырылған.
Барлық павильон арнайы шахмат үстелдерімен және ойын өткізуге қажетті жабдықтармен қамтылған. Нысандарды Freedom Telecom компаниясының интернет желісіне қосуы жоспарланып отыр.
Шахмат үйлерінің құрылысын Freedom Holding Corp. компаниясы «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы қаржыландырды. Құрылыс жұмыстарын «Орда-Строй Капитал» серіктестігі атқарды.

Тимур Турлов қолжетімді шахмат инфрақұрылымы болашақ чемпиондарды даярлауда маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, үлкен спорт бұқаралық қызығушылықтан басталады, ал жаңа нысандар Шымкенттің жетекші шахмат орталығы ретіндегі орнын нығайтады.
Шымкенттің шахмат дәстүрі жалғасып келеді
Шымкенттен Тамара Клинк, Ләззат Тәжиева, Гүлісхан Нахбаева және Ринат Жұмабаев секілді танымал шахматшылар шыққан. Қала мектебінің өкілдері ел чемпионаттарында жеңіске жетіп, халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсетті.
Мегаполисте ірі турнирлер өткізу дәстүрі де қалыптасқан. 2024 жылы FIDE әйелдер арасындағы Гран-при кезеңі ұйымдастырылса, 2026 жылдың наурызында жүлде қоры 25 миллион теңге болған KazChess Masters Nauryz халықаралық турнирі өтті.
Шахматты білім беру жүйесіне енгізу жұмысы қатар жүргізілуде. Тамыз айында 48 жергілікті педагог «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы бойынша арнайы оқудан өтті.
Үш шахмат үйінің ашылуы балаларға, жастарға және ересектерге зияткерлік спортпен айналысу мүмкіндігін кеңейтеді. Жаңа алаңдар қаланың қоғамдық өмірінің бір бөлігіне айналып, шахматқа қызығатын тұрғындар санын арттыруға ықпал етпек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







