Шымкентте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында World Cleanup Day халықаралық экологиялық акциясы өтті. Дүниежүзілік тазалық күніне арналған сенбілікке қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жалпы қалалық тазалық жұмысына 43 мыңнан астам тұрғын жұмылды. Олардың қатарында жастар, еріктілер, коммуналдық сала қызметкерлері және қала тұрғындары болды.
Сенбілік барысында Шымкенттің көшелері, қоғамдық кеңістіктері, саябақтары мен ирригациялық арықтары тазартылды. Жұмысты жедел жүргізу үшін 200-ден астам арнайы техника тартылды.
Акцияның негізгі алаңының бірі Асанбай Асқаров атындағы мемлекеттік дендрологиялық саябақ болды. Мұндағы тазалық жұмысына қала әкімімен бірге үш мыңнан астам жас пен ерікті қатысты.
Акция аясында дендрологиялық саябақтың табиғи ортасын сақтау мен жануарлар әлемін байытуға ерекше көңіл бөлінді. Ғабит Сыздықбеков қатысушылармен бірге саябақ аумағына 10 тиін мен 25 қырғауыл жіберді.
Дендросаябақтағы су айдынына 150 келі балық жіберілді. Бұл жұмыстар саябақтың экологиялық тепе-теңдігін сақтауға және табиғи ортасын дамытуға бағытталған.
Қатысушылар аумақтан тұрмыстық қалдықтарды жинап, ағаштарды санитарлық талапқа сай бұтады. Сонымен бірге абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық орындарды ретке келтіру жұмыстары атқарылды.
Жалпы акция кезінде қала бойынша 270 тоннадан астам тұрмыстық және басқа да қалдық шығарылды. Ирригациялық арықтар тазаланып, көшелер арнайы техниканың көмегімен жуылды.
World Cleanup Day әлем тұрғындарын қоршаған ортаны қорғау және қоғамдық кеңістікке ұқыпты қарау идеясы төңірегінде біріктіреді. Шымкенттегі акция «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жүйелі жұмыстың жалғасы болды.
Қалада санитарлық тазалық пен абаттандыру шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. Мұндай бастамалар тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруға ықпал етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







