Шымкент қаласының Қайнарбұлақ және Нұрсәт шағынаудандарында ангар үлгісіндегі екі модульді спорт залы пайдалануға берілді. Жаңа нысандар тұрғындардың үйіне жақын жерде дене шынықтырумен айналысуына жағдай жасайды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Спорт залдары ең алдымен балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне және спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған. Мұнда тұрғындар жыл бойы тұрақты жаттығып, белсенді өмір салтын ұстана алады.
Нысандардың ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты. Олар спорт залдарының мүмкіндіктерімен танысты.
Қала әкімі әр шағынаудан тұрғынының спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Шымкентте спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру жұмысы жалғасады.

Модульді спорт нысандарының құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып, жаңа залдар мегаполиске сыйлық ретінде берілді.
Спорт кешендерінде баскетбол, волейбол және шағын футбол ойнауға арналған құрал-жабдықтар орнатылған. Бұл жерде командалық жаттығулар мен түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар өткізуге болады.
Нысандарда ұлдар мен қыздарға арналған жеке киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары және жаттықтырушылар бөлмесі қарастырылған. Сонымен қатар жарыстар мен жаттығуларды тамашалайтын 50 көрерменге арналған орын бар.
Спорт залдары күн салқын мезгілде де үздіксіз жұмыс істеуі үшін жылыту жүйесімен жабдықталған. Бұл балалар мен ересектердің ауа райына қарамастан жаттығуына мүмкіндік береді.
Жаңа спорт нысандары Қайнарбұлақ пен Нұрсәт шағынаудандарындағы бұқаралық спорттың дамуына ықпал етпек. Тұрғындарға жасалған қолайлы жағдай салауатты өмір салтын насихаттап, спортпен тұрақты айналысатын балалар мен жасөспірімдер санын арттыруға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







