Орталық Азия елдері Сырдария бассейніндегі суды есепке алуды автоматтандыруға бағытталған ортақ жоспар әзірлеуге келісті. Жаңа жүйе трансшекаралық судың нақты көлемін бақылап, мемлекеттер арасындағы су бөлу ісін ашық әрі дәл жүргізуге мүмкіндік бермек, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Түркістан қаласында Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 94-отырысы өтті. Жиынға Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрі Далер Джума, Түрікменстанның Мемлекеттік су шаруашылығы комитетінің төрағасы Дурды Генджиев және Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев қатысты. Басқосуға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжанов та келді.
Тараптар 2026 жылғы вегетация кезеңінде Сырдария мен Әмудария бассейндеріндегі су қоймаларының жұмыс режимін және мемлекеттерге бөлінетін су лимиттерін қарастырды. Негізгі мәселелердің бірі Сырдария бассейніндегі су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу болды.
Комиссия мүшелері автоматтандыру жоспарының жобасын әзірлеуді мақұлдады. Қыркүйекке дейін арнайы жұмыс тобын құру жоспарланып отыр. Топ болашақ жүйенің техникалық және ұйымдастырушылық тетіктерін пысықтауы тиіс.
Суды цифрлық есепке алу Орталық Азия үшін айрықша маңызға ие. Сырдария бірнеше мемлекеттің аумағы арқылы өтетіндіктен, әр елге нақты қанша су келгенін анықтау ауыл шаруашылығы мен су қоймаларын басқаруға ғана емес, мемлекетаралық сенімге де тікелей әсер етеді.
Қазақстан мен Өзбекстан бұған дейін Сырдарияға он автоматтандырылған гидробекет орнату жөнінде уағдаласқан. Оның бесеуі Қазақстанда, қалған бесеуі Өзбекстан аумағында орналастырылады. Жоба трансшекаралық суды бөлудегі дәлдік пен ашықтықты арттыруға бағытталған.
Ортақ автоматтандырылған есеп жүйесі енгізілсе, су көлеміне қатысты мәліметті қолмен өлшеуге тәуелділік азайып, дерек жедел алынады. Мұндай тәсіл вегетация маусымында туындайтын даулы мәселелердің алдын алып, су тапшылығы кезінде ресурсты нақты жағдайға қарай бөлуге мүмкіндік береді.
– Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы көп жыл бойы Орталық Азиядағы су шаруашылығы саласындағы шешімдерді келісуге арналған негізгі кәсіби алаң болып келеді. Дәл осы жерде Сырдария мен Әмудария бассейндерінің трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқарудың тиімді тәсілдері әзірленіп, өңір мемлекеттерінің мүдделер теңгерімі мен алдағы кезеңдегі су пайдаланудың тұрақтылығы қамтамасыз етіледі, – деді Нұржан Нұржігітов.
Жиында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан CAWEC өңірлік жобасының орындалу барысы да қаралды. Бағдарлама Орталық Азия мемлекеттерінің су ресурстарын тиімді пайдалану саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған. Сонымен бірге Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары қабылдаған шешімдердің орындалуы талқыланды.
Мемлекетаралық келіссөздердің Қазақстан үшін практикалық нәтижесі қазірдің өзінде байқалып отыр. 2026 жылғы 1 сәуірден бері Шардара су қоймасына шамамен 3 млрд текше метр су түскен. Министрлік мәліметінше, көрсеткіш өткен жылғы және көпжылдық орташа деңгейден жоғары. Су ағыны вегетация кезеңінің соңына дейін жалғасады деп күтіледі.
Қазіргі уақытта Сырдария бассейніндегі су шаруашылығы жағдайы тұрақты бағаланып отыр. Ауыл шаруашылығына су қалыпты режимде берілуде. Түркістан облысында суару маусымы биыл ауа температурасының жоғарылауы мен жауын-шашынның аздығына байланысты әдеттегіден 20 күн ерте басталған.
Су есебін автоматтандыру жоспары жүзеге асса, Орталық Азиядағы су дипломатиясы жаңа кезеңге өтеді. Бұған дейін мемлекеттер негізінен су көлемін келісумен айналысса, ендігі міндет — сол суды бірыңғай цифрлық өлшем арқылы бақылап, барлық тарапқа ортақ сенімді дерек қалыптастыру.
Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының келесі, 95-отырысы Түрікменстанда өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






