Жергілікті Instagram парақшалардың бірінде Талғарда болған оқиғаға қатысты видео тарады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Желідегі ақпаратқа сүйенсек, марқұм Шерзаттың әкесінің қолында да пышақ болды деген болжам бар.
Сондай-ақ, кадрларда Шерзаттың әкесін арашаламақ болған әрекеттері байқалады. Дегенмен желі қолданушылары бұл видео толық нұсқасы емес екенін жазды.
Еске салайық, бұған дейін Талғардағы оқиға салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.
«Қазіргі таңда үш пышақ тәркіленді. Оның екеуі ас үй пышағы. Сондай-ақ бір мылтық бар. Қару ешқайда тіркелмеген. Департамент оны сараптамадан өткізіп жатыр», — дейді Серік Шалқаров.