Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына танымал ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Қырғызстандағы тұңғыш елшісі Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты көңіл айту хатын жолдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Ардақты Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қадірлі қазақ ағайындар!
Қазақтың ұлы перзенті, қырғыздың халық ақыны, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Қырғызстандағы алғашқы елшісі, Шыңғыс Айтматовтың және күллі қырғыз елінің досы Мұхтар Шахановтың дүниеден озғаны туралы қаралы хабарды зор қайғымен қабыл алдым.
Мұхтар аға – тек қазақтың ғана емес, бүкіл қырғыз халқының да сүйенері, рухани тірегі еді. Демек, қырғыз жұрты да бір асқар тауынан, рухани тірегінен айырылып, қабырғасы қайысып тұрған шағы. Мұндай тұлғалардың өмірден озуын халқымыз «білгенге бүтін бір дәуір кетті» деп айтады. Шынында да Мұхтар ағаның бақиға аттануы – тұтас түркі әлемінен бір дәуірдің кеткені… Амал қанша!
Қазақ бабаларымыздың әділдік үшін ешкімнен қаймықпайтын өр мінезін бойына сіңірген Мұхтар аға кеңестік кезеңде де, одан кейінгі уақыттарда да Ата мекені үшін шындықты шырылдатып, ақиқатты бетке айтып келді. Өз басына қауіп төнсе де, Желтоқсан оқиғасы туралы ашық пікірін тайсалмай жеткізіп, елдік ұстанымынан айныған жоқ.
Екі елге ортақ жанашыр ретінде ақындық пен азаматтық үні тау мен даланың жаңғырығындай естілетін еді. Әсіресе, Шыңғыс Айтматовпен ағалы-інілі қарым-қатынасы қазақ-қырғыз бауырластығын нығайтуда өшпес із қалдырғанын ерекше атап өткім келеді.
Қадірлі қазақ бауырлар!
Бүгін осындай дарынды да патриот перзентінен айырылып, қабырғасы қайысып отырған қазақ халқына, ақынның жақындарына орны толмас қазаға байланысты терең қайғырып көңіл айтамын.
Белдеріңізді бекем буып, қайрат танытыңыздар!», – деп жазды Садыр Жапаров.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мұхтар Шахановтың неге Арыстанбаб кесенесі аумағына жерленбейтінін түсіндірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







