Қазақ ұлттық университетінде ғылыми қауымдастықпен кездесу өткізген президент Тоқаев еліміздегі ғылыми жобалардың пайда әкелмей отырғанын сынға алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президенттің айтуынша, Ғылым қоры инновацияны ынталандыру үшін жаңа функцияларға ие болғанымен, іс жүзінде тек қызмет етіп жатқанын көрсетумен ғана шектеледі.
«Өзін-өзі алдаудың қажеті қанша? Ғылым бар секілді, бірақ оның нақты нәтижесі қайда? Маған баяндалғандай, үш мыңнан аса ғылыми жобаның тек 193-інен коммерциялық пайда алынып, нарыққа соның тек 29-ы шыққан. Яғни, индустриялық нәтиже жоқтың қасы», – деді президент.
Мемлекет басшысы Ғылым қоры қызметінде тағы бір келеңсіз жағдай барын атап өтті. Заманауи өндірістерді ашуға бөлінген жер телімдері бос тұр, ал қателіктерге жол берген қор мемлекеттік қаржыны қайтаруды ойламаған, құқық қорғау органдарына да жүгінбеген.
«Құқық қорғау органдарының өзі грант ретінде бөлінген қаржының Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы мен Ғылым қоры қызметкерлеріне заңсыз аударылғанын анықтап отыр», – деп мәлімдеді президент.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ғылым саласын қаржыландыруға тәртіп орнатуды, мемлекеттік қаражатты жұмсаудың қатаң бақылауын және басымдықтарды анықтауды тапсырды.
«Ғылымды қаржыландыруға келгенде, қаражатты мақсатсыз жұмсауға жол берілмеуі тиіс», – деп түйіндеді Тоқаев.
Айта кетелік, Мемлекет басшысы дәл осы шарада елдегі шетелдік университеттің жұмысын қайта сүзгіден өткізуді тапсырды. Филиалдардың ашылуы нақты ғылыми нәтижеге емес, көбінесе ресми есеп үшін ғана жасалып отырғаны әшкере болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







