Республика күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы елдің саяси бағытына қатысты маңызды ұстанымын айтты. Президент сөзінде мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесін қорғау, ұлттық қауіпсіздік пен даму жолын нық ұстау әр шешімнің негізінде тұратынын атап өтті. Қоғам соңғы жылдары саяси реформаларды жіті бақылап келеді. Сол себепті Президенттің әр пікірі елдің алдағы саяси жүйесіне әсер ететіні анық, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент бұған дейінгі Жолдауында Мәжіліс сайлауын пропорционал жүйеге толық көшіру қажет екенін айтқан еді. Яғни, бір палаталы Парламентті тек партиялық тізім арқылы қалыптастыру көзделіп отыр. Мұндай өзгеріс партиялардың ортақ мақсатқа жұмыс істеуіне, сайлаушылармен тұрақты байланыс орнатуына жол ашады.
Партия институтын күшейту арқылы саяси жүйенің жауапкершілігі артады, пікір алуандығы мен бәсеке мәдениеті қалыптасады. Ең маңыздысы әр партия халық сенімі үшін шынайы еңбек етуге міндетті бола түседі.
Президенттің айтуынша, мұндай қадам демократиядан кері кету түсінігіне келмейді. Сол жерде айтылған сөз есте қалды «Менің ұсынысымда елге деген шынайы жанашырлық бар» деді Мемлекет басшысы. Саясаттағы кез келген реформа теория үшін емес, елдің ілгерілеуі үшін жасалуы қажет деген ой сезілді. Ұзақ мерзімді тұрақтылыққа бағытталған әр шешім елдің дамуына қозғау салады.
Президент өңірлердің рөлін де ерекше атап өтті. Себебі аймақтағы ахуал халық пен жергілікті биліктің арасына байланысты қалыптасады. Мәслихаттар мен әкімдіктер белсенді болуы қажет екені айтылды. Аймақтардағы тікелей байланыс, халықпен жиі жүздесу, сұраққа шұғыл жауап беру жергілікті биліктің басты міндеті. Қарапайым азаматтың мұңын бірінші болып тыңдайтын да, мәселені шешуге жақын тұрған да сол өңірдегі басшылық. Сондықтан аймақтық басқаруда жауапкершілік күшейіп, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс талап етіледі.
Саяси реформа деген ұғым құр ұранға айналмауы қажет. Ел ішіндегі тыныштық, өркендеу мен ұлттық бірлік үшін ең әуелі сенім керек. Сенім партия мен халықтың арасындағы көпір рөлін атқарады. Жаңарған Парламент пен белсенді мәслихаттар халық үніне құлақ асса, мемлекет пен қоғамның арасында түсіністік нығаяды. Әр азамат саяси реформаның нәтижесін күнделікті өмірден сезінгісі келеді. Жаңа өзгерістердің түпкі мақсаты елдің мүддесін қорғау, тұрақтылықты сақтау және даму қарқынын күшейту.

