Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда АҚШ президенті Дональд Трамп туралы сөз қозғады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Жаһандану үдерісінің мән-маңызы жоғалып барады. Мемлекеттік ұлтшылдық, ықпал жүргізетін аумақтарды бөліске салу, әлемдік саясатта аймақтарға бөліну үрдісі алдыңғы қатарға шықты. Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы күшпен таңылып, соның желеуімен халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен қорлар арқылы мемлекеттердің ішкі ісіне ашық араласу белең алды. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен. «Даму мен демократия», «адам құқықтары», «баспасөз бостандығы», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» деп ұрандатып жүргендердің бәрінің дерлік жеке байлығы жалақысының мөлшеріне еш сай келмейді.
Сондықтан Президент Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты оқиғаларды анықтауға және «тұңғиық мемлекет» ұғымына тән саяси екіжүзділікті әшкерелеуге, дәстүрлі моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық. АҚШ-та жасалып жатқан шаруаның бәрі бүкіл әлемге тікелей әсер ететіні баршаға мәлім», — деді Тоқаев.
Айта кетейік, 2024 жылы 5 қарашада Америка Құрама Штаттарында президент сайлауы өтті. Негізгі кандидаттар республикашылар атынан Дональд Трамп және демократтар атынан Камала Харрис болды. Бұл — елдің 47-ші президенті сайланатын 60-шы президенттік сайлау.
Трамп Вашингтон уақыты бойынша түнгі сағат екіде (Астана бойынша сағат 12:00-де) сайлаудың жеңімпазы деп жарияланды. Ол барлық негізгі штатта жеңіске жетті.