Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты тапсырма берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұл туралы Президенттің кеңесшісі — Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрге, Президент Әкімшілігінің Басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
Парламент палаталарының төрағалары қабылданып жатқан іс-қимыл туралы хабардар етілді. Президент еліміздегі жағдайды өз бақылауында ұстап отыр. Біздің еліміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау.
Қазақстан славян екі халық арасындағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Путин Украинадағы қақтығысқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасады.
Путин мәлімдемесінде былай деді:
- «Украина Батыстың алысты көздейтін зымырандарымен Ресейге соққы жасады»
- «Курскі және Брянскі облыстарына қарата америкалық ATACMS-тар атылды. Бірақ олар көздеген мақсаттарына жетпеді. Біздің ӘШҚҚЖ қағып түсірді»
- «Онан соң Ұлыбританияның алысты көздейтін Storm Shadow зымырандары атылды. Олар да нәтижесіз болды»
- «Мамандар біледі. Бұл зымырандарды Батыстың, өндіруші елдің көмегінсіз ату мүмкін емес»
- «Біз ескерттік. Алғаш рет заманауи һәм теңдессіз континентаралық “Орешник” балистикалық зымыранымен Украинаның Днепріне соққы жасадық. Бұл біздің жауабымыз!»
- «Біз осы және осындай жаңа әрі заманауи зымырандарды қолданарда халыққа алдын ала ескертеміз!»