АҚШ президентінің әкімшілігі Украина президенті Владимир Зеленскийдің көпшілік алдында кешірім сұрағанын күтіп отыр. Бұл туралы шетелдік БАҚ жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Ақ үй Зеленскиймен қарым-қатынасты ретке келтіру үшін оның ресми түрде кешірім сұрауын қажет деп санайды. Еуропа Зеленскийге қолдау көрсеткенімен, оны Трамппен татуласуға шақырып отыр», – деп жазды басылымдар.
Ақ үйдегі жанжалдан кейін еуропалық көшбасшылар Украина президентін қолдайтынын білдірді, алайда кейбірі АҚШ-пен қарым-қатынасты реттеуге кеңес беріп отыр.
Ақ үйдегі дау
Украина президенті Владимир Зеленский, Америка президенті Дональд Трамп және АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс арасындағы Ақ үйдегі кездесуде қызу дау туды.
Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путин келіссөз жүргізуде дәрменсіздік көрсеткенін айтып, 2014 жылдан бері оның әрекетіне ешкім тоқтау бола алмағанын еске салды.
«Адамдарды қырды. Оны ешкім тоқтатқан жоқ. Арамызда көп әңгіме болды. Мен атысты тоқтату туралы келісімге қол қойдым, бәрі әрі қарай ешкім жалғастырмайтынына сендірді… Мұнда қандай дипломатия көмектеседі?» — деді ол.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс майданда Украинаға ер адамдар жетіспейтінін айтты. Зеленский бұған жауап ретінде оның Украинада болмағанын және соғыс кезінде барлық елде, тіпті АҚШ-та да осындай проблемалар болатынын айтты. Бұған Трамп араласып, Зеленский «мұны біле алмайтынын» мәлімдеген.
«Бізге не сезетінімізді айтпаңыз. Біз сіздердің мәселелеріңізді шешуге тырысып жатырмыз. Өз позицияңызды таңудың қажеті жоқ. Бізге бұйыруға қақыңыз жоқ», — деді Трамп.
Трамп Зеленский АҚШ-қа ризашылық білдіруі керек екенін жеткізді, өйткені оның сөзінше, Украинаның қолында Вашингтонға өз шарттарын айтатындай «дұрыс карталар жоқ». Бұған жауап ретінде Украина президенті Америка Құрама Штаттарына «карта ойнауға келмегенін» мәлімдеді.
Бұл одан әрі дау тудырған. Трамп Зеленскийді Американы құрметтемеді деп айыптап, Киевтің жағдайы ауыр екенін және Ресеймен соғыста сәтсіздікке ұшырағанын жеткізді. Оның айтуынша, Зеленский миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіріп, үшінші дүниежүзілік соғыс басталуына себеп болуы мүмкін.
«Не мәміле жасайсыздар, не біз кетеміз. Ал біз кетсек, сіздер күресті соңына дейін жеткізесіздер. Менің ойымша, бұл жақсы болмайды», — деді Трамп.
Зеленскийдің АҚШ-қа сапары
2025 жылы 28 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа ресми сапармен барды. Оның ұшағы Joint Base Andrews әуе базасына қонды. Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, кездесу барысында екі елдің басшылары сирек кездесетін металдар туралы келісімге қол қояды деп күтілді.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйге 28 ақпанда АҚШ-қа Украинаның табиғи ресурстарына құқық беретін келісімге қол қою үшін келетінін айтты.