Түркістан облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі кеңес өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиынға аудан-қала әкімдері, басқарма басшылары, құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері қатысты. Кеңестің негізгі мақсаты – Жолдауда қойылған басым бағыттарды өңірде нақты іске асырудың жолдарын анықтау, атқарылар міндеттерді жүйелеу және цифрландыру мен инновацияны дамытудың жаңа кезеңін бастау болды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы әкімі Президент айқындаған жеті стратегиялық бағыттың әрқайсысы өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Нұралхан Көшеровтің айтуынша, Түркістан облысы жаңа экономикалық серпінге дайын болуы керек. Осы мақсатта аймақтың даму жоспарына жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, өңдеу өнеркәсібі, инвестиция тарту және әлеуметтік инфрақұрылымның сапасын арттыру бойынша ауқымды өзгерістер енгізіледі. «Президенттің Жолдауы – жаңа дәуірдің нақты бағыты. Бізге уақытты ұттырмай, нақты іске кірісу қажет. Цифрландыру, экономиканы әртараптандыру және адам капиталының сапасын арттыру – біздің басты басымдығымыз», – деді аймақ басшысы.
Жиында Түркістан облысында цифрландыру бағытындағы жұмыстардың қарқыны талқыланды. Облыс әкімдігі «Қазақтелеком» және «Транстелеком» компанияларымен бірлесіп, шалғай ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етуге кірісіп отыр. Сонымен қатар мектептер мен балабақшаларда жасанды интеллект негізіндегі бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелері енгізілмек. Көшеров IT мамандар даярлау ісіне де ерекше тоқталды. Қыркүйек айының соңында ашылатын «Woosong Kazakhstan» IT университеті өңірдегі кадр тапшылығын жоюға бағытталмақ. Әкім оқу орнымен серіктестік орнатып, нақты іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды.
Инвестиция тарту саласында да айқын қадамдар жасалып келеді. Облыста арнайы инвестиция басқармасы құрылып, 2025-2028 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 трлн теңге болатын 111 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар аясында 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Тек биылдың өзінде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 695 млрд теңгеден асып, жоспар артығымен орындалған. «TURAN» арнайы экономикалық аймағында шетелдік «HANYA» компаниясымен бірлескен өндірістік парк құрылысы басталды. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияны даму институтына айналдыру жөніндегі тапсырма облыстың экономикалық бағытын жаңа деңгейге көтермек.
Кеңесте өңдеу өнеркәсібін дамыту да басты назарға алынды. Өңірде жалпы құны 60,7 млрд теңге болатын 18 өндірістік жоба жүзеге асырылады. Әсіресе терең өңделген, экспортқа бағытталған өнім шығару басым бағыт болып отыр. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде Түркістан облысында 114 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілген. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті екі есеге, яғни 216 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы жерлерін цифрлық үлестіру және әділ бөлу де бақылауға алынған.
Сонымен қатар кеңесте көлік және логистика саласын дамыту мәселесі талқыланды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойында сервистік инфрақұрылым құрылысын күшейту, жол сапасын арттыру және көлік дәліздерінен қосымша табыс табу бағытында нақты тапсырмалар берілді. «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысын мерзімінде аяқтау да ерекше назарда тұр.

Энергетика саласында облыстың электр қуатының 75%-ы сырттан тасымалданатыны айтылды. Осы олқылықты жою үшін жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын алты ірі жоба қолға алынған. Қосымша энергия көздерін тарту, соның ішінде күн және жел станцияларын салу жоспары қарастырылған. Су тапшылығы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда облыстағы 801 елді мекеннің 98,1%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Дегенмен 38 ауылда орталық су жүйесі жоқ, ал 192 елді мекенде су кестемен беріледі. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін кешенді жоспар дайындалуда. Президенттің 2025 жылға дейін елді мекендерді толық ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы – аймақ үшін басты міндет.
Кеңесте санитарлық тазалық, көгалдандыру және экологиялық мәдениет тақырыптары да қозғалды. Облыс әкімі тазалық сақтау мәдениетінің төмендігіне тоқталып, «Turkistan TV» телеарнасы дайындаған бейнематериалдар негізінде жауапты тұлғаларға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатынын ескертті. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту, цифрлық салық жүйесін енгізу, жоғары оқу орындары мен колледждерде білікті кадрлар даярлау мәселелері де талқыланды. Жасанды интеллектке негізделген бағдарламалар мектеп бағдарламасына енгізіледі. Денсаулық сақтау саласында Ордабасы мен Сарыағаш аудандарында перинаталдық орталықтар салу жобасы басталып, облыс бойынша 570 көпбейінді аурухана құрылысы қолға алынады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров Президент Жолдауындағы тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауына алатынын айтты. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында былтыр 13 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, биыл жыл соңына дейін тағы 16 мектеп іске қосылады. «Басты мақсат әр тапсырманың артында тұрған нақты адам мен нақты нәтиже. Бізге есеп үшін емес, ел игілігі үшін жұмыс істеу қажет», – деді өңір басшысы.