Журналист Нұрлан Жұмахан әлеуметтік желідегі жазбасында мектеп түлектердің кортежге әуестенуінің түп-тамырына үңілу қажет екенін айтты. Оның пікірінше, полиция түлектердің көлігін тоқтатып, жолдағы тәртіпті қадағалағанымен, жастардың санасына сіңген жаман әтетті бір күнде тоқтата алмайтынын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соңғы жылдары мектеп бітірушілердің аста-төк кеші, қымбат көлікпен жүруі, жолда шу шығарып, кортеж ұйымдастыруы қоғамның ашуын туғызды. Мұндай тәртіпсіздікке тосқауыл қою қажет. Жол қозғалысы бәріне ортақ. Түлектердің қуанышы өзге адамдардың қауіпсіздігіне кедергі келтірмеуі тиіс.
Алайда журналистің айтуынша, балалар мұндай әдетті өздері ойлап тапқан жоқ. Олар күнде үлкендердің әрекетін көріп өсіп жатыр. Көшеде жол жапқан кортежді де көреді. Министр немесе әкім келгенде полиция көлігі жолды босатып, артынан қара джиптер тізіліп өтетінін де байқайды. Ірі компания басшылары мен квазисектор өкілдерінің сән-салтанатпен жүретінін де жастар жақсы біледі.
Нұрлан Жұмаханның ойынша, осы көріністер жас буынға үнсіз үлгі болып отыр. Соңғы жылдары оған шоу-бизнес өкілдерінің де даңғазасы қосылды. Әнші-әртістердің қымбат көліктен түсіп, пафоспен амандасып, сән қуған сәттері әлеуметтік желіде жиі тарайды. Ал кей тойға тікұшақпен барған белгілі адамдардың видеосын тұтас ел көрді.
Журналистің пікірінше, осындай ортада өскен жас өз кешінде бір күн болса да соларға ұқсағысы келеді. Ол да кортежге мінгісі келеді. Ол да назарда болғысы келеді. Себебі қоғам оған абыройдың бір өлшемі ретінде қымбат көлік, нөкер, пафос және даңғазаны көрсетіп отыр.
«Шенділер мен әншілер желігіп жүргенде жастарға қалай ғана қой дейміз?» деген ой айтады автор.
Оның жазуынша, мәселе тек түлектердің тәртібінде емес. Жастарды түзету үшін алдымен оларға арзан абыройдың үлгісін көрсетіп жүрген үлкендерге қарау керек. Өйткені бала естігенін емес, көргенін қайталайды.
Полиция жолдағы заңсыздықты тоқтатуы мүмкін. Бірақ кортежді мәртебе көретін түсінікті тек айыппұлмен жою қиын. Ол үшін қоғамда қарапайымдылық, жауапкершілік және заңға құрмет үлкендер тарапынан нақты үлгіге айналуы керек.
Нұрлан Жұмаханның жазбасындағы негізгі ой осыған саяды. Түлектердің даңғаза әрекетін сынау орынды. Бірақ сол даңғазаның қайдан шыққанын да ұмытпау керек. Жастарға «қой» деу үшін алдымен сол жолды көрсетіп жүрген ересектердің өзіне талап күшейгені жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







