Түнде ұзақ жол жүрген әрбір жүргізушіге «тасжол гипнозы» құбылысы жақсы таныс. Мұндай сәтте көз ілініп, асфальт бетіндегі сызықтар бұлдырайды, адамның зейіні күрт төмендейді. Энергетикалық сусындар мен ашық терезеден кірген салқын ауа да кейде шарасыз болып қалады. Осы қауіпті мәселені шешуді көздеген Қытай билігі қарапайым ескерту тақталарынан бас тартып, футуристік технологиялық экспериментке кірісті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Көліктер үстіндегі түнгі жарық шоуы
Қытайдың шамамен 1600 шақырымға созылатын Циндао — Иньчуань жүрдек тасжолының бойындағы арнайы металл конструкцияларға қуатты әрі түрлі түсті лазерлік проекторлар қойылды. Қас қарайып, айнала тас түнекке айналғанда, құрылғы аспан кеңістігіне қарай қызыл, жасыл және көгілдір түсті жарық шоқтарын
Лазерное шоу над автострадой: как Китай спасает засыпающих за рулем
.
Толқын түрінде қозғалатын лазерлік ленталар алыстан қарағанда түнгі клубтағы немесе компьютерлік ойындардағы ерекше жарыс алаңын еске салады. Мұндай визуалды серпілістің басты мақсаты — шаршаған миға сенсорлық соққы беріп, жүргізушінің қалғып кетуіне жол бермеу.
Жолдағы жарықты таспаға түсіріп, әлеуметтік желіде бөліскен жүргізушілердің бірі Ли мырза бұл әдістің өз пайдасын тигізгенін айтады.
«Жарқыраған түрлі түсті сәулелер бір сәтте сергітіп, түнгі ұзақ сапардағы шаршауды тез сейілтті», – деп баяндады бейнежазба авторы Ли мырза.
Жүйе қалай жұмыс істейді?
Жүрдек тасжолда жарық лазерлерін қосу алғашында қауіпті көрінуі мүмкін. Алайда инженерлер сәулені тікелей көліктің маңдай әйнегіне емес, жоғарыға, аспанға қарай бағыттаған. Нәтижесінде жарық жүргізушінің көзін шағылыстырмай, тек төбедегі кеңістікті толтырады.
Мұндай құрылғылар барлық бағытқа жаппай қойылмайды. Олар көбіне жол апаты жиі болатын қауіпті аймақтарға және жүргізушіні ұйқыға тартатын ұзақ түзу жол бөліктеріне ғана орнатылған. Сонымен қатар лазерлік шамдар тоқтаусыз жанбайды, тек белгілі бір уақыт аралығында қосылады. Бұл жүргізушінің жарыққа үйреніп, қайтадан зейінін жоғалтып алмауы үшін жасалған.
Инновация ма, әлде алаңдататын тәуекел ме?
Желі қолданушылары мен бірқатар сала мамандары бұл жаңалыққа күмәнмен қарайды. Әсіресе астигматизмі бар немесе эпилепсияға шалдыққан адамдар үшін жыпылықтаған өткір сәулелер кері әсерін тигізуі мүмкін. Оған қоса, кейбір сарапшылар тосыннан пайда болатын жарық шоуы жүргізушінің назарын жолдан басқа жаққа аударып жіберуі ықтимал деп ескертеді.
Жүйенің жол апаттарын нақты азайтатынын растайтын кешенді зерттеулер жарияланбайынша, жоба инновациялық шешім мен күмәнді эксперименттің арасындағы сынақ ретінде қала бермек.
Қоғамдық көлік күретамырларын ашық аспан астындағы жарық алаңына айналдыру қаншалықты тиімді екенін алдағы уақыттағы ресми статистика ғана нақты көрсете алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







