Зайсан ауданындағы халықаралық әуежайда алғашқы сынақ ұшулары биыл шілде айында басталмақ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы үшін стратегиялық маңызы зор әуежай құрылысының қазіргі таңда 75 пайыздан астамы аяқталған. Нысанда 310 жұмысшы екі ауысыммен еңбек етіп, 75 арнайы техника жұмылдырылған.
Жақында құрылыс алаңын аралаған ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов мердігерлерге жұмыс сапасы мен мерзіміне қатысты талаптың өте қатаң екенін ескертті.
– Бұл жай ғана кезекті құрылыс емес, ел көлемінде ерекше маңызы бар әуежай. Сондықтан сапа мен мерзімге барынша жауапкершілікпен қараңыздар. Қосымша сұрақтар болса, қазір шешіп алайық. Әуежай дер кезінде пайдалануға берілуі керек, – деді аймақ басшысы.

Жалпы жоба аясында әуежай аумағында 11 ғимарат салу жоспарланған. Қазір барлық нысанда жұмыс жоғары қарқынмен жалғасуда. Сонымен қатар, абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Құрылыс сапасының әр кезеңі облыс әкімдігінің ерекше бақылауында болмақ. Себебі әуежайдың уақтылы іске қосылуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырумен қатар, халық алдындағы үлкен жауапкершілік.
Мердігер ұйымның директоры Жанболат Қазанов өз кезегінде жұмысқа ешқандай кедергі жоқ екенін атап өтті:
– Барлық жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатыр. Құрылыс материалдары жеткілікті, ал әуежайға орнатылатын жабдықтар толықтай сатып алынған. Алдын ала жоспар бойынша, алғашқы сынақ ұшуларын биыл 12 шілдеден бастау көзделіп отыр, – деді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!








