Жұма күні Қазақстан мұнайы тасымалданатын Каспий құбыр консорциумы үш айға созылған жөндеу жұмыстарынан кейін Ресейдегі негізгі сорғы станциясының қайта іске қосылғанын хабарлады деп жазады Ertenmedia.kz.
Кропоткин станциясы биылғы ақпан айында Украина дрондарының шабуылына ұшырап, айтарлықтай зақымданған еді. Осыған байланысты қазақстандық мұнай экспортында біраз кедергілер туындаған.
Құбыр операторының айтуынша, жөндеу жұмыстары негізінен газбен жұмыс істейтін электр станциясына бағытталған. Бұл станция дрондар шабуылы кезінде айтарлықтай зардап шеккен. Енді күрделі жөндеуден өткен Кропоткин станциясы қайтадан толық қуатында жұмыс істей бастады. Бұл құбыр арқылы Қазақстан мұнайының 80 пайызы – тәулігіне шамамен 1,6 миллион баррель тасымалданады.
Кропоткин станциясы қайта іске қосылған соң, 1500 шақырымға созылған алып құбырдың басқа станцияларына түсетін ауыр жүктеме біршама жеңілдейді.
Аталған құбыр Қазақстандағы ең ірі мұнай кеніштері – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан шыққан мұнайды Ресейдің Новороссийск портындағы теңіз терминалына жеткізеді. Соңғы үш айда мұнай тасымалы осы үш ірі кеніштен басқа станцияларға бағытталғандықтан, жүйедегі жүктеме артқан болатын.
Айта кету керек, биыл Теңіз кенішінде мұнай өндіру көлемі едәуір ұлғайды. Chevron басқаратын «Теңізшевройл» компаниясы 2024 жылдың төртінші тоқсаны мен биылғы жылдың алғашқы тоқсанында кеніштің ішкі инфрақұрылымын кеңейтетін ірі жобаны іске қосты. Бұл жоба құны 47,1 миллиард долларға бағаланған және мұнай өндіруді тәулігіне 260 мың баррельге арттырып, жалпы өндіріс көлемін 860 мың баррельден асыруға мүмкіндік берді.
Осыған байланысты Каспий құбырының толық қуатта жұмыс істей бастауы Қазақстан экономикасы үшін аса маңызды жаңалық саналады. Себебі, бұл елдегі мұнай экспортының тұрақтылығы мен болжамдылығын күшейтеді.
Алайда құбыр толық іске қосылғанмен, бұл бағытта енді ресейлік мұнай тасымалданбайтын болды.
Консорциумның мәлімдеуінше, Украина дрондарының ықтимал жаңа шабуылдарының алдын алу үшін Ресей тарапы Кавказская ауыстырып тиеу пунктінен Кропоткин станциясына дейін жеткізілетін мұнайды тасымалдауды доғарған. Бұған дейін ресейлік жеңіл мұнай Кавказская станциясына темір жол арқылы жеткізіліп, қазақстандық мұнаймен араластырыла отырып, құбырмен экспортталатын.
19 наурыз күні украиналық дрондар Кавказская станциясының мұнай сақтайтын қоймаларына соққы жасап, алапат өрт шықты. Себебі, Кропоткин станциясының жұмысы тоқтағандықтан, Кавказскаядағы қоймалар мұнайға толып тұрған еді. Бұл өртті сөндіру үшін бір апта уақыт кеткен болатын. Краснодар аймағының губернаторы Вениамин Кондратьевтың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында өрттің 25 наурызда әрең ауыздықталғанын хабарлады.
Консорциум операторының айтуынша, Кропоткин станциясының қайта іске қосылуы жоспарлы техникалық жөндеу жұмыстарының аяқталуымен тұспа-тұс келген. Осы техникалық жұмыстарға байланысты Қазақстан мен Ресейдегі барлық сорғы станциялары және Новороссийскідегі экспорттық терминал үш күнге толық тоқтап тұрған еді.
Қазір құбыр желісі қайтадан толық режимде жұмыс істеп тұр, және Қара теңіздегі экспорттық терминалда танкерлерді жоспарлы тиеу жұмыстары қайта жалғасын тапты.
Жалпы алғанда, Каспий құбырының қайтадан іске қосылуы Қазақстанның мұнай экспортына жаңа тыныс бермек. Дегенмен, бұл бағыттағы қауіп-қатерлер толығымен сейілді деп айту әлі ерте. Украинадағы соғыстың жалғасуы, ресейлік энергетика нысандарына жасалған тұрақты шабуылдар Қазақстанның негізгі экспорттық артериясы саналатын құбыр желісінің жұмысына кез келген уақытта қатер төндіруі мүмкін.