Қазақстанда мемлекеттік қолдау тетіктерін ашық бақылауға арналған Baqylauda цифрлық сервисін енгізу жұмысы жалғасып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа платформа онлайн режімде мемлекеттік қолдаудың барлық түрін көруге мүмкіндік береді. Ведомство қазір жүзден асатын қолдау тетіктерін бір жүйеге жинақтап отыр. Негізгі мақсат – бюджет қаражаты нақты қайда бағытталды, қандай нәтиже берді, қай саладан қайтарым бар, қай тұста тиімділік төмен деген сұраққа нақты жауап шығару. Осы тәсіл мемлекеттен бөлінетін қаржының өнімділігін арттыруға тиіс.
Қаржы министрлігі Baqylauda сервисін Qoldau.kz цифрлық платформасына орналастырған. Қазір жүйеге кейінгі он жылдағы мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі деректер кезең-кезеңімен жүктеліп жатыр. Жұмыс толық аяқталған соң арнайы талдау қай құралдың тиімді, қайсысының әлсіз екенін анық көрсетеді. Жүйе арқылы жеңілдіктердің, субсидиялардың және өзге де қолдау тетіктерінің нәтижесін жекелеген сала, оператор, тіпті нақты кәсіпорын деңгейіне дейін саралап бағалауға болады.
Соңғы екі жылдың ақпараты әлі толық енгізілмегеніне қарамастан, сервис базасында қазірдің өзінде өзекті аналитика бар. Мәселен, 2015 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі 9,94 трлн теңгеге жеткен. Ең ірі шығындардың бірі ковид кезеңінде байқалған. Сол уақытта «Жұмыспен қамту жол картасы» жобасына шамамен 973 млрд теңге бөлінген. Одан кейін аграрлық секторға техника мен жабдықты жеңілдетілген лизингпен алуға 920 млрд теңге жұмсалған. Үшінші ірі бағыт – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту. Оған 675 млрд теңгеден астам қаржы кеткен. Ауыл шаруашылығына арналған «Кең Дала» бағдарламасы бойынша да 650 млрд теңге жұмсалған.
Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, әсіресе аграрлық секторда бір компания әртүрлі мемлекеттік бағдарлама арқылы, сан алуан оператор мен министрлік желісімен қолдау ала береді. Бірақ осыған дейін олардың бәрін біріктіретін бірыңғай база болған жоқ. Соның салдарынан шығынның нақты тиімділігін бағалау қиын еді. Енді мемлекет белгілі бір кәсіпорын салық түсімі, өнімділік немесе жұмыс орны секілді көрсеткіштерде өсім көрсетпей отырып, жыл сайын ондаған миллион теңге алып жүргенін анық көре алады.
Контекст
Оның сөзінше, Baqylauda – бірінші деңгейлі сүзгі қызметін атқаратын жүйе. Сервис кәсіпкерді тексеріп, оның белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалайды. Қазір онда төрт негізгі стоп-фактор жұмыс істейді. Атап айтқанда, терроризмді қаржыландыруға байланысты тізімде бар-жоғы, жалған кәсіпкерлік белгілерінің болуы, банкроттық фактілері және бұрын алынған мемлекеттік қолдау бойынша орындалмаған міндеттемелер тексеріледі. Осындай тәуекел анықталса, жүйе тиісті мәліметті қызмет көрсетуші органға немесе операторға жолдайды. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігіне не Азық-түлік корпорациясына. Ал бизнесті мақұлдау немесе қолдаудан бас тарту жөніндегі шешімді сол орган дербес қабылдайды.
Вице-министр ауыл шаруашылығы секілді салаларда нәтиже әрдайым бір жылдың ішінде көріне бермейтінін айтады. Өйткені мұнда ауа райы, нарықтағы құбылмалылық, сыртқы ахуал секілді факторлар әсер етеді. Сондықтан бағалау қысқа мерзіммен шектелмейді. Жүйе бірнеше жылдағы динамиканы және тұтас саланың көрсеткіштерін ескере отырып қорытынды шығарады.
Мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануды және оны алатын тұлғаларды мониторингтеуге арналған Baqylauda сервисі Президенттің 2024 жылғы 8 мамырдағы №542 «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау аясында іске қосылған. Жобаның міндеті – кәсіпкерлікке берілетін мемлекеттік қолдауға ашық әрі тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ базалық өлшемдерге сай келетін алушыларды іріктеу рәсімін автоматтандыру.
Жобаны Қаржы министрлігіне қарасты «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ мамандары әзірлеген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







