Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге арналған редакция алқасының кезекті отырысы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында редакция алқасы дауыс беру арқылы екінші томның қолжазбасын баспаға дайындау үшін бекіту жөнінде шешім қабылдады. Сонымен қатар жеті томдық еңбектің үшінші томының мазмұны талқыланды.
Авторлар ұжымының жетекшісі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев басылымның тұжырымдамасы, мазмұны мен құрылымы туралы баяндама жасады. Ол «Алтын Орда» деп аталатын үшінші томның ерекшелігі мен ғылыми жаңалығына тоқталды.
Отырыста Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры Зиябек Қабылдинов, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Берекет Кәрібаев пікір білдірді. Сондай-ақ редакция алқасының өзге мүшелері де ұсыныстарын айтты.
Жиын қорытындысында үшінші томды жетілдіру жұмысын жалғастыру және келесі отырыста академиялық басылымның төртінші томын қарау туралы шешім қабылданды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






