Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесі соңғы жылдары қарқын алды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға сапалы білімге тең қолжетімділік жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Елімізде осы сала бойынша кешенді жобалар іске асып, құқықтық және әдістемелік негіз кезең-кезеңімен күшейіп келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Инклюзивті білім беруді ілгерілетуде Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы негізгі рөл атқарып отыр. 1992 жылы құрылған мекеме диагностикамен ғана шектелмей, оқыту мен тәрбиелеудің заманауи тәсілдерін әзірлеп, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.
Қазір елімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны 240 мыңнан асты. Осыған байланысты мемлекет нақты шараларды қолға алған. «Білім туралы» заңда әр баланың білім алу құқығы бекітілсе, қазір мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға арналған арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Құжат баланы туған күнінен кәмелетке толғанға дейін кешенді сүйемелдеуді көздейді.
2021 жылдан бері мектептерге педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Олар баланың оқуына ғана емес, әлеуметтік ортаға бейімделуіне де қолдау көрсетеді. Бүгінде мұндай мамандар саны 3 500-ге жетті. Енді олар мектептерде ғана емес, балабақшалар мен техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарында да жұмыс істейді. Сонымен қатар арнайы педагогтер мектептегі психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүйесінің маңызды буынына айналды.
2022 жылы ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қағидалары жаңартылып, үш деңгейлі модель енгізілді. Алғашқы деңгейде мұғалімдер баланың мүмкіндігіне қарай жеке тәсіл қолданады. Келесі деңгейде мектеп мамандары түзету және дамыту бағдарламаларын жүргізеді. Үшінші деңгейде сурдопедагог, тифлопедагог, клиникалық психолог секілді арнайы мамандар тартылады.
Контекст
Инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Елімізде 508 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында арнайы балабақшалар, мектептер, ПМПК, түзету кабинеттері, аутизм және оңалту орталықтары бар. Инклюзивті кабинеттер саны 1 051-ге жетті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша мектептердің 91 пайызы ерекше балаларға қолайлы жағдай жасаған. Қазір 73 990 бала инклюзивті ортада білім алып жүр.
Соңғы екі жылда Ұлттық ғылыми-практикалық орталық 83 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен, 15 әдістемелік ұсыным және 67 типтік оқу бағдарламасын әзірледі. 2023–2024 жылдары 1 623 педагог біліктілігін арттырды.
Инклюзивті білім беру елдегі әділеттілік пен тең мүмкіндіктің нақты көрсеткішіне айналып отыр. Әр балаға сапалы білім алуға жол ашылған кезде ғана адами капитал күшейіп, қоғамның сапасы артады.
Лаура Бұтабаева, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







