Адвокат Ләззат Ахатова Әнару Қалдыбекке қатысты іс қалай өрбіп жатқанын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Енді Әнарудың ісіне келсек, тергеу органы жанын салып, істі жан-жақты зерттеп жатыр. Тергеуші де, полиция бөлімінің басшысы да жаңадан тағайындалған. Алайда Жанқош Тұраров кімге сеніп жатқанын білмейміз, күнде қырық сылтау айтып, шақырғанға келмейді. Біресе адвокаты қалада емес, біресе өзі “қатты ауырып жатыр-мыс”.
Әйелі айтқандай, “аппақ” болса, келіп, өз уәждерін айтып, дәлелдерін ұсынбай ма? Осылар заңға пысқырмай, қай көкелеріне сенеді, өзі?! Мәжбүрлі түрде алдырту туралы талап қойдық», — деді ол.
Еске салайық, 21 тамызда Алматының Әуезов ауданы полиция басқармасына 1996 жылы туған қыз «өзін зорлағанын» айтып, арыз жазған еді. Кейін полиция қылмыстық іс қозғағанын растады, ал танымал боксшы Жанқош Тұраровтың өзі тағылған айыпты жоққа шығарды.
Артынша полиция іс тоқтатылғанын хабарлады.
«Іс жүргізу аясында сот-медициналық және сот-биологиялық сараптама жүргізілді, оның қорытындысы бойынша зорлау фактісі растамалды. 20 қазанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы түпкілікті шешім шықты. Әуезов аудандық прокуратурасы бұл шешіммен келісті», — деді полиция.
Айта кетейік, Жанқош Тұраров кәсіпқой рингте 2009 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол 28 жекпе-жек өткізіп, оның 20-сын нокаутпен жеңген.