2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша БЖЗҚ салымшыларының шоттарына бөлінген зейнетақы активтерінің табыстылығы 0,00 пайыз деңгейінде тіркелді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мұны ұлттық валютаның айтарлықтай нығаюымен түсіндірді. 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 25,57 трлн теңгеден асты.
Ал жыл басынан бері қазақстандықтардың шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс 2,78 млрд теңге ғана болды. Қор көлемімен салыстырғанда бұл көрсеткіш нөлдік табыстылық ретінде көрініп отыр.
БЖЗҚ мәліметінше, мұндай жағдай уақытша сипатқа ие. Негізгі себеп – шетел валютасындағы активтердің теңгемен қайта бағалануы. 2026 жылдың басынан бері теңге долларға шаққанда 8,43 пайызға нығайды: доллар бағамы 505,53 теңгеден 462,91 теңгеге дейін төмендеді.
Қор портфелінің бір бөлігі ұзақ мерзімді инфляциялық тәуекелден қорғану үшін валюталық құралдарға салынған. Теңге күшейген кезде осы активтердің теңгедегі құны қағаз жүзінде төмендейді. Нәтижесінде валюталық қайта бағалаудан 392,67 млрд теңге көлемінде минус қалыптасты.
Соған қарамастан, қордың басқа бағыттардағы кірісі жоғары болған. Бағалы қағаздар бойынша сыйақы, купондар мен дивидендтер 738,65 млрд теңгені құрады. Бағалы қағаздардың нарықтық қайта бағалауынан 27,77 млрд теңге табыс түсті. Сыртқы басқарудан тағы 30,22 млрд теңге кіріс алынған. Бірақ валюталық қайта бағалаудан болған ірі минус осы табыстың басым бөлігін «жеп қойған».
БЖЗҚ салымшыларды зейнетақы жинағының тиімділігін бірнеше айлық қысқа мерзіммен бағаламауға шақырды. Қордың түсіндіруінше, зейнетақы активтері – ұзақ мерзімді инвестиция. Қысқа кезеңдегі нарықтық және валюталық ауытқулар ұзақ мерзімдегі нақты табыстылықты толық көрсетпейді.
Қор соңғы 12 айдағы көрсеткішті мысалға келтірді. 2025 жылғы мамырдан 2026 жылғы мамырға дейін зейнетақы активтерінің табыстылығы 8,57 пайыз болды. Осы кезеңде қазақстандықтар үшін алынған инвестициялық табыс 2 трлн теңгеден асты.
Қазіргі таңда БЖЗҚ инвестициялық портфелінің 68,9 пайызы теңгедегі құралдарға, 31,1 пайызы шетел валютасындағы активтерге, негізінен долларға орналастырылған.
БЖЗҚ түсіндіргендей, бұл жинақтың нақты жоғалуы емес, инвестициялық табыстың уақытша төмендеуі. Доллар әлсіреп, теңге күшейген кезде валюталық активтер теңгемен есептегенде арзандап көрінеді. Ал зейнетақы жүйесінде басты өлшем – бір ай немесе бір тоқсан емес, ұзақ жылдардағы тұрақты табыс пен жинақтың сақталуы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







