Қазақстанда Freedom SuperApp мобильді қосымшасы арқылы құны 20 мың теңге болатын жаңа қолжетімді ДНҚ тестілеу қызметі ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Тұрғындарға өз денсаулығы туралы тереңірек білуге мүмкіндік беретін ғылыми жоба отандық нарықтағы баға саясатын айтарлықтай арзандатып отыр.
Медициналық құпия қалай қорғалады?
Экожүйе ішінде өмірді сақтандыру, банктік қызметтер мен ипотека секілді қаржылық өнімдердің қатар болуы пайдаланушылар арасында дербес деректердің қауіпсіздігіне қатысты орынды күмән туғызған еді. Себебі адам дәрігерге онлайн жүгініп, шағымдарын тіркеген сайын цифрлық денсаулық паспорты қалыптасады.
Компания басшылығы қаржылық және медициналық ақпараттық жүйелердің бір-бірінен түбегейлі бөлінгенін мәлімдеді. Тәуелсіз тараптар жүргізетін сертификаттау талаптарына сәйкес, деректерді заңсыз пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
«Әр бағыт қатаң сертификаттаудан бөлек өтеді. Мысалы, телемедицина қызметін сертификаттау кезінде оның медициналық деректермен жұмыс істейтін жүйесін тәуелсіз тараптар тексереді. Мемлекеттік сертификаттаудан өткеннен кейін талапты бұзған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондықтан әр бағыттың ақпараттық жүйесі бөлек жұмыс істейді. Егер адам экожүйедегі өзге қызметті пайдалану үшін медициналық дерегін қолдануға өзі келісім берсе ғана, ондай мүмкіндік қарастырылуы мүмкін. Адамның келісімінсіз медициналық деректі экожүйе ішіндегі басқа компанияларға беруді жоспарлап отырған жоқпыз», – деді Freedom Lifestyle group бас директоры Алексей Ли.
Осылайша дәрігерлік құпия заң аясында қатаң сақталып, адамның тікелей рұқсатынсыз экожүйе ішіндегі өзге серіктес ұйымдарға жолданбайды.
Жоба қалай жасалды: технология мен халықаралық тәжірибе
ДНҚ тестілеу қызметін нөлден бастап құруға бір жарым жыл уақыт кеткен. Зерттеушілер командасы бастапқы кезеңде әлемдік жетекші компаниялардың құрылғыларын, соның ішінде Thermo Fisher, Illumina, сондай-ақ бағасы арзанырақ қытайлық Anova және Lasso өнімдерін жан-жақты сынақтан өткізді.
Нәтижесінде әлемдегі генетикалық сынақтардың 80 пайызға жуығын қамтамасыз ететін америкалық Illumina технологиясы таңдалды. Биоинформатиктер мен генетиктерден жасақталған білікті команда Генетика институтымен бірлесе жұмыс істеуде.
Егер алғашқы кезеңде тапсырылған сынамалардың тек 60 пайызынан ғана талдауға жарамды ДНҚ бөлініп алынса, қазір нәтижелілік көрсеткіші 99 пайыздан асқан. Қолданылатын әдістеменің жоғары дәлдігін халықаралық технология иесі ресми растап отыр.
Тест қалай тапсырылады және нені көрсетеді?
Тапсырыс берген клиентке арнайы жинақ жеткізіледі. Жинақ ішінде сілекей үлгісін алуға арналған түтікше мен биоматериалды ұзақ сақтайтын реагент бар. Азамат нұсқаулық бойынша үлгіні үйде өздігінен жинап, биоматериал тасымалдауға ресми рұқсаты бар DHL курьерлік қызметі арқылы зертханаға жөнелтеді.
Алғашқы кезеңде тест денсаулыққа қатысты генетикалық бейімділіктер жайында нақты ақпарат береді. Алғашқы 100 адамның деректерін алдын ала талдау барысында көру қабілетінің нашарлауына және сүт өнімдеріне (лактозаға) реакция беру бейімділігінің жиірек ұшырасатыны байқалған. Мәселен, ересектер арасында сүт өнімдерін қорыта алмау белгілері шамамен 10 пайызға жоғары болуы мүмкін екені айтылды.
Ұлттық геном эталоны және шежіре зерттеу
Жобаның келесі кезеңінде қазақстандықтарға өз тегін зерттеп, туыстық тамырларын анықтауға мүмкіндік беретін шежірелік қызмет қосылмақ. Адамдар бұрын-соңды хабары болмаған алыс туыстарын табуға жол ашады.
Тест халыққа кеңінен қолжетімді болған сайын, отандық ғалымдар ел тұрғындарының генетикалық ерекшеліктерін сипаттайтын референстік ұлттық геном эталонын әзірлеуге кіріседі.
Бұл эталон Қазақстан халқына қандай созылмалы дерттер мен тұқым қуалайтын бейімділіктер тән екенін терең зерттеп, алдын алу медицинасын жаңа сапалық деңгейге көтеруге негіз қаламақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







