Қазақстанның шикізаттық экономикадан технологияға, өңдеу өнеркәсібіне және сапалы инвестицияға негізделген жаңа модельге көшуі ұзақ мерзімді дамудың негізгі шартына айналды. «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының жобалық менеджері, инвестициялық саясат мәселелері жөніндегі сарапшы Қуаныш Өміржанның пікірінше, экономикалық жаңғырудың нәтижесі жастардың біліміне, кәсібилігіне және белсенділігіне тікелей байланысты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қуаныш Өміржанның айтуынша, соңғы отыз жылда Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күші мұнай-газ секторы болды. Табиғи ресурстар экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, бюджет кірісін арттыруға, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және шетелдік капитал тартуға мүмкіндік берді.
Алайда әлемдік нарықтағы мұнай бағасының тұрақсыздығы шикізаттық модельдің ұзақ мерзімді даму үшін жеткіліксіз екенін көрсетті. Сарапшы экономиканы әртараптандыруды уақыт талабы ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен орнықты өсудің стратегиялық міндеті деп есептейді.
Қуаныш Өміржанның ойынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы ел дамуының жаңа кезеңіне негіз қалады. Мемлекеттік басқаруды жаңғырту, заң үстемдігін нығайту, экономиканың бәсекеге қабілетін арттыру және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы реформалар жаңа экономикалық модель қалыптастыруға арналған.
Реформалардың түпкі мақсаты шикізатқа тәуелділікті азайтып, жоғары технология, инновация және өңдеуші өнеркәсіпке сүйенетін экономика құруға бағытталған. Осы міндетті орындау үшін мемлекет жаңа өсу нүктелерін айқындап келеді.
Сарапшының айтуынша, бүгінде өңдеу өнеркәсібіне, цифрлық технологияға, жасанды интеллектіге, көлік-логистика саласына, жаңартылатын энергия мен агроөнеркәсіп кешеніне басымдық беріліп отыр. Мұндай бағыттар экономиканың құрылымын өзгертіп, экспорттық мүмкіндікті кеңейтуге жол ашады.
Қазақстанда KIA автомобиль зауыты, PepsiCo компаниясының азық-түлік өндірісі және Alstom компаниясының теміржол машинасын жасау жобалары жүзеге асырылып жатыр. Деректерді өңдеу орталықтары мен цифрлық инфрақұрылымға бағытталған халықаралық бастамалар да қолға алынған.
Инвестиция ирімі
Қуаныш Өміржанның пікірінше, аталған жобалардың маңызы жаңа жұмыс орнын ашумен шектелмейді. Олар технология трансферін қамтамасыз етіп, жергілікті кәсіпорындардың жаһандық өндірістік тізбекке қосылуына мүмкіндік береді. Қазақстандық мамандар заманауи өндірістік тәжірибе мен жаңа құзыреттерді меңгереді.
Стратегиялық инвесторларды тарту үшін мемлекет жаңа қолдау тетіктерін қалыптастырды. Соның бірі — инвестициялар туралы келісім механизмі. Аталған құрал ірі жобаларға жеке тәсіл қолдануға мүмкіндік береді.
Сарапшының түсіндіруінше, инвесторға салықтық және кедендік жеңілдік, инженерлік инфрақұрылым, жер телімі түріндегі мемлекеттік грант және инвестициялық тұрақтылық кепілдігі ұсынылуы мүмкін. Мұндай тәсіл жобалардың тәуекелін азайтып, ұзақ мерзімді капитал тартуға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Аталған жұмыстың негізгі операторларының бірі «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы. Компания Қазақстанның инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде таныстырып, инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді.
Қуаныш Өміржанның айтуынша, инвесторға өндіріс орнын таңдаудан бастап, мемлекеттік органдармен жұмыс істеуге дейін толық қолдау көрсетіледі. Рұқсат құжаттарын алу, инвестициялық мүмкіндікті бағалау және жоба іске қосылғаннан кейін сүйемелдеу де осы қызметтің құрамына кіреді.
Компания инвестиция көлемін арттырумен ғана шектелмейді. Негізгі міндет — Қазақстан экономикасына технология, өндірістік тәжірибе және жаңа құзырет әкелетін сапалы капитал тарту.
Сол себепті өңдеу өнеркәсібі, цифрлық экономика, мұнай-химия, көлік және логистика, сирек кездесетін металдар, жасыл энергетика мен денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударылады. Жоғары қосылған құны бар жобалар еңбек өнімділігін арттырып, экспорттық әлеуетті кеңейтеді.
Қазақстанның болашағы бәсекеге қабілетті экономикада
Қуаныш Өміржан жергілікті өндірістік кооперацияның да маңызы зор екенін атап өтті. Ірі инвесторлар қазақстандық шағын және орта кәсіпорындармен жұмыс істесе, ел ішінде жаңа жеткізу тізбегі қалыптасады. Соның нәтижесінде импортқа тәуелділік төмендеп, отандық бизнестің бәсекеге қабілеті артады.
Сарапшы экономикалық жаңғырудың табысы адами капиталдың сапасына байланысты деп санайды. Жаңа зауыт пен цифрлық платформаны іске қосу жеткіліксіз. Оларды басқаратын инженер, IT-маман, ғалым және кәсіби менеджер қажет.
Оның ойынша, Жаңа Қазақстанның басты күші — жастар. Мемлекет жас азаматтардың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына, стартап құруына және инновациялық кәсіпкерлікке қатысуына жағдай жасауы керек.
Бүгін білім алып жүрген жастар ертең жоғары технологиялық өндірісте еңбек етеді. Олар жаңа экономиканың маманы, кәсіпкері және басқарушысы атанады. Сондықтан кәсіби білім мен технологиялық сауаттылық мемлекеттің бәсекеге қабілетін айқындайтын негізгі ресурсқа айналып отыр.
Қуаныш Өміржанның пікірінше, Жаңа Қазақстан тек саяси немесе экономикалық реформалардың жиынтығы емес. Ол ел дамуының жаңа философиясын білдіреді. Оның негізінде құқықтық мемлекет, әртараптандырылған экономика, халықаралық инвестиция, технологиялық жаңғыру және бәсекеге қабілетті адами капитал жатыр.
Осы бағыттардың өзара сабақтастығы Қазақстанның Орталық Азиядағы инвестициялық және технологиялық хаб ретіндегі орнын күшейте алады. Алайда мұндай мақсатқа мемлекеттік бағдарламалармен ғана жету мүмкін емес. Нәтиже қоғамның, бизнестің және кәсіби мамандардың ортақ күш-жігеріне тәуелді.
Сарапшы елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық және инвестициялық реформалардың ұзақ мерзімді маңызы зор екенін атап өтті. Экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және жоғары технологиялық өндірісті дамыту жастарға жаңа мүмкіндік ашады.
Қуаныш Өміржанның ойынша, бүгінгі жас буын мемлекеттік және қоғамдық өмірге белсенді араласуы қажет. Адал еңбек, сапалы білім және жаңа технологияны игеру арқылы әр азамат елдің орнықты дамуына үлес қоса алады.
Қазақстанның болашағы бәсекеге қабілетті экономика мен білікті адами капитал қалыптастыруға бағытталған ортақ әрекетке байланысты. Жаңа мүмкіндіктер дәуірінде елдің табысын табиғи ресурс көлемі ғана емес, білімді адам, тиімді институт және технологиялық жаңару айқындайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!





