«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының әкімшілік-басқару персоналы 10 пайызға қысқартылады. Компанияның Астанадағы 650 қызметкері жұмыстан кетеді. Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жақыповтың айтуынша, қысқарту тек басқару аппараты мен әкімшілік бөлім қызметкерлеріне қатысты. Өндірістік ұжымдар мен филиалдардағы мамандар қысқартылмайды.
«Астанадағы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында шамамен 6,5 мың адам еңбек етеді. Олардың 10 пайызы яғни, 650 қызметкер қысқартуға түседі. Қысқарту орталық кеңселердегі әкімшілік-басқару құрамына ғана қатысты. Өндірістік персоналға тиіспейміз», – деді ол.
Компания басшысы қызметкерлерді қысқартуда объективтілікті қамтамасыз ету мақсатында қызметкерлердің тиімділігі мен мотивациясы ескерілетінін атап өтті. Процесс наурыз айының соңына дейін аяқталады.
Жақыпов өтемақыға қатысты нақты сома айтпағанымен, әр бөлімшедегі қысқартулардың ерекшелігіне байланысты төлемдердің де әртүрлі болатынын жеткізді.
Контекст
Айта кетейік, ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев ұлттық компаниялардағы басқарушы қызметкерлердің тым көп екеніне назар аударып, оларды сынға алған.
«Мен ұлттық компаниялар мен «Самұрық-Қазына» қорының басшыларымен ашық әңгіме өткіздім. Бұл компаниялардың құрылымын сыни тұрғыдан қайта қарап, басқарушылық лауазымдарда отырған артық қызметкерлерден арылу қажет.
Әсіресе, сол жағалаудағы кеңселерде жұмыс істейтін, бірақ нақты міндеті жоқ адамдар көп. Түскі уақытта қонақүйлер мен мейрамханаларда шай мен кофе ішіп, терлеп-тепшіп, пікір таластырып отыратын осы бір топты бәріңіз де көріп жүрсіздер.
Қолы бос болғандықтан, интернетте бос әңгімелерге араласып, күмәнді пікірталастарға да қатысады. Олар дауыс беруге қалай араласады, қандай шешім қабылдайды ол бөлек мәселе. Бірақ маған бәрі белгілі, түсінікті. Ашық айтайын, мұның соңы жақсылыққа әкелмейді», – деген болатын Тоқаев.
Президент ұлттық компаниялар экономиканың дамуына нақты үлес қосып, тиімді жұмыс атқаруы тиіс екенін ескерткен.
Айтқандай, бір шыны кофенің адам ағзасына оң әсері бар екені анықталды. Гарвард университетінің ғалымдары 43 жыл бойы жүргізген ауқымды зерттеу нәтижесінде осындай шешімге келіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







