Әлеуметтік желілерде жуырда ұсталған Перизат Қайраттың «сұхбаты» жарияланды. Онда ерікті ретінде танылған Перизат Қайрат Қаржылық мониторинг агенттігі таққан барлық айыпты жоққа шығарған екен. Алайда stopfake.kz мұның алаяқтар адамдарды алдау үшін қолданатын фейк сұхбат екенін жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Басылым мәліметінше, желіде тараған жазбаның тақырыбы да қызық және онда Tengrinews.org деген сайтқа сілтеме жасалған. Дегенмен сайттың домені ұлттық .kz емес, халықаралық .org екенін байқауға болады.
Tengrinews жаңалықтар порталы .kz доменін пайдаланады.
«Алаяқтар неғұрлым сенімді болуы үшін қазақстандық интернет басылымның басты бетін толығымен көшіріп алған», — деп жазылған деректе.
Сұхбат мәтінінде алаяқтар «пассивті кіріс» ұсына отырып, танымал қазақстандық банктің бағдарламасын жарнамалайды. Шын мәнінде, бұл бағдарламаның қаржы институтына ешқандай қатысы жоқ, ол — қылмыстық схеманың бір бөлігі.
«Киберқылмыскерлер жалған сайтта тез арада дивиденд төленетінін айтып, өтінім толтыруды ұсынады. Олардың қулығына түсіп қалмаңыз: күмәнді сауалнамаларды толтырмаңыз және оңай пайда табуды ұсынған бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Белсендіге тағылған айыптар жоққа шығарылған жоқ, ал ақпараттың өзі — алаяқтық схеманың бір бөлігі. Алаяқтардың көздеген мақсаты — жеке деректеріңіз бен ақшаңызды иемдену үшін сізді жалған сайтқа тарту», — деп жазылған деректе.
Айта кетейік, ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
«Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді», — деп хабарлады агенттік бұған дейін.
Мәліметке сүйенсек, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына жұмсалған.
«Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» және 39 млн теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алды. Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол «Cartier» және «Louis Vuitton» сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған», — деп жазылған агенттік мәліметінде.
Артынша ҚМА оның заңсыз әрекетінің тағы бір эпизоды анықталғанын хабарлады.
«2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. «Sensata Plaza» элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге «Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic» жаңа автокөлігін сатып алды. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі БАӘ—де «Rolex», «Prada» және «Fendi» брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдарды, сағаттар мен киімдерді сатып алуға жұмсалды», — деп жазылған хабарламада.