Қазақстанның республикалық трассаларында жасанды интеллекті бар жаңа камералар орнатыла бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соңғы күндері жүргізушілер әлеуметтік желіде жол бойындағы ерекше құрылғылардың суретін жариялап жатыр. Көпшілік оларды жол ережесін автоматты түрде тіркейтін жаңа радарлар деп болжаған. Алайда «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бұл құрылғылар айыппұл салатын радар емес екенін түсіндірді.
Компания мәліметінше, жол бойына орнатылып жатқан жабдықтар жасанды интеллект элементтері бар интеллектуалды мониторинг жүйесіне жатады. Оның негізгі мақсаты – трассадағы жағдайды тәулік бойы бақылау, қауіпті сәтті ерте анықтау және жол қызметтерінің шұғыл әрекет етуіне мүмкіндік беру.
Жаңа камералар жолдағы бірнеше жағдайды автоматты түрде байқай алады. Жүйе жүріс бөлігінде адамның пайда болуын, жануардың жолға шығуын, көліктің қарсы бағытқа өтуін, артқа жүруін, сондай-ақ тоқтау және тұраққа қою ережесінің бұзылуын анықтайды.
Сонымен қатар камералар көліктің мемлекеттік нөмірін таниды. Жүйе көлік маркасы мен түсін де ажырата алады. Бұл ақпарат жолдағы оқиғаға жедел талдау жасап, жауапты қызметтерге нақты дерек беруге көмектеседі.
Жаңа жүйенің бір ерекшелігі – автономды жұмыс істеуі. Камералар күн панельдерімен және жел генераторларымен жабдықталған. Сондықтан олар тұрақты электр желісі жоқ шалғай трасса учаскелерінде де жұмыс істей алады.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, жиналған ақпарат нақты уақыт режимінде беріледі. Бұл жол-көлік оқиғасы немесе өзге де қауіпті жағдай кезінде қызметтердің әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Пилоттық жоба қазір Алматы – Қонаев ақылы учаскесінде іске қосылған. Сонымен қатар ұзындығы 134 шақырым болатын Астана – Теміртау трассасында жабдық орнату жұмысы жалғасып жатыр.
Астана – Щучинск бағытында да дайындық жүргізілуде. Бұл учаскеде жаңа жүйенің жұмыс істеуі үшін қажетті байланыс инфрақұрылымы жасалып жатыр.
Компания жаңа камералардың басты міндеті жүргізушілерді автоматты түрде жазалау емес екенін атап өтті. Негізгі мақсат – жол қауіпсіздігін арттыру және оқыс жағдайды барынша ерте анықтау.
Болашақта мұндай кешендер Қазақстандағы автомобиль жолдарын бақылайтын бірыңғай интеллектуалды мониторинг жүйесінің бір бөлігіне айналуы мүмкін.
Бұған дейін Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал трассасының басым бөлігі ақылы болатыны хабарланған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







