Президенттің биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына байланысты Талдықорған қаласында жұмысшы мамандарды тәжірибеден өткізетін орталық салу жоспарланып отыр,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Нысанның құрылысы биыл басталып, келесі жылы бітеді. Орталықтың практикалық сабақтары жаңа технология негізінде оқытылады.
Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша өңірдегі 9 колледжде 14 жаңа мамандық ашылған. Бұл ретте заман талабына сай дәнекерлеуші, механик, балық зауытының технологы, аккумулятор зауытының технологы, дронды ұшыра алатын, цифрлық технологияны іске қосатын мамандар даярлауға баса назар аударылып отыр. Кербұлақ ауданында жаңадан ашылып жатқан өндіріс ошақтарының бірі тау-кен металлургия комбинаты өздеріне керекті мамандарды дайындайтын техникалық колледж ашу жұмыстарын жүргізуде.
Еске салсақ, өңірде «Жаңа мамандықтар атласы» бекітілген болатын. Онда еңбек нарығы мен өңірдің экономикасын дамыту талаптары ескеріле отырып, 5 негізгі бағытқа – ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм индустриясы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика және жаңартылатын энергия көздері салаларына бағдарланған.