Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының білім алушылары Канада мен Ресейде өткен халықаралық кинофестивальдерде үш жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оттава қаласында өткен Loon Film Festival фестивалінде үшінші курс студенті Ерхат Ерсайынов «Потерянный остров» фильмімен үшінші орын алды.
Табиғат, бейбітшілік және жануарларды қорғау тақырыбындағы көркем, деректі, анимациялық және эксперименттік фильмдерді қамтитын фестиваль жас кинематографистерді қолдау мақсатында ұйымдастырылады.
Мәскеудегі кинофестиваль марапаттары
Академияның студенттері тағы екі жүлдені Мәскеуде өткен IV «Восхождение» халықаралық студенттік фестивалінде иеленді. Байқауға ТМД-ның жеті елінен 50 фильм ұсынылды.
«Анимация режиссурасы» білім беру бағдарламасының түлегі Бауыржан Адаев «Пуповина» фильмімен «Анимациялық фильмнің үздік режиссурасы» аталымында жеңімпаз атанды. Ал «Көркем фильм режиссурасы» бағытының төртінші курс студенті Мырза Махамбеттің «Май» картинасы «Актерлік шеберліктегі алғашқы қадамдары үшін» қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.
IV «Восхождение» халықаралық студенттік фестивалі С.А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университетінде ұйымдастырылған «Кино білімі: ТМД елдерінің ортақ білім беру жобалары» форумы аясында өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







