Қазақстанда 2026 жылдың 1 маусымынан бастап жылжымайтын мүліктің техникалық паспортын және кадастрлық паспорттың көшірмесін рәсімдеу толықтай онлайн форматқа ауысады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл қызмет түрлеріне өтініш қабылдау ХҚКО арқылы тоқтатылады. Енді құжатты рәсімдеу тек қана eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі.
Жаңа өзгерістер құжат рәсімдеу процесін толығымен қашықтан жүргізуге мүмкіндік береді. Яғни өтінішті беруден бастап дайын құжатты алуға дейін азаматтар үйден шықпай-ақ электронды түрде рәсімдей алады. Пайдаланушылар енді құжатты рәсімдеу үшін бөлек төлем жасап немесе дайын құжатты алу үшін ХҚКО-ға келудің қажеті жоқ.
Құжатты рәсімдеу үшін азамат eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, қажетті қызметті таңдап, мәліметтерді толтырып, өтініш ақысын төлеп, электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюы тиіс.
Дайын техникалық паспорт немесе кадастрлық паспорттың көшірмесі пайдаланушының жеке кабинетінде қызметтер тарихы бөлімінде автоматты түрде пайда болады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің бірінші орынбасары Ростислав Коняшкин бұл өзгерістер азаматтардың ХҚКО-ға баруын азайтып, құжаттарды рәсімдеуді жеңіл әрі жылдам етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Министрліктің дерегінше, цифрлық қызметтердің танымалдығы жыл санап артып келеді. Мысалы, 2021 жылы мұндай өтініштердің тек 23%-ы ғана eGov арқылы рәсімделсе, 2025 жылы онлайн өтініштер үлесі 41%-ға жеткен.
Электронды қызметтерді өз бетінше ала алмайтын азаматтар үшін ХҚКО-ларда өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары жұмысын жалғастырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







