Шри-Ланканың қасиетті Анурадхапура қаласында орналасқан алып Джетаванарамая ступасы — көне дәуірдің ең күрделі инженерлік ғажайыптарының бірі. Б.з. IV ғасырының басында, шамамен 301 жылы Махасена патшаның бастамасымен салынған бұл алып нысан өз заманында Мысырдағы Гиза пирамидаларынан кейінгі жер бетіндегі үшінші ең биік ғимарат саналған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Көне құрылыс көлемі жағынан адамзат тарихындағы ең ірі кірпіш кешен саналады. Ступаны тұрғызу үшін шамамен 93,3 миллион күйдірілген балшық кірпіш жұмсалған. Археологтардың есебінше, мұндағы кірпіштерден биіктігі 1 метр болатын ұзын қабырға тұрғызса, ол Лондоннан Эдинбургке немесе Нью-Йорктен Питтсбургке дейінгі қашықтықты түгел жабуға жетер еді.
Инженерлік құпия мен тарихи биіктік
Алғашқы тұрғызылған жылдары Джетаванарамаяның биіктігі 122 метрге дейін жеткен. Бұл оны көне әлемнің ең биік діни ескерткіштерінің қатарына қосты. Алайда ғасырлар бойғы жер сілкіністері, табиғи апаттар, орманның басып қалуы және елдегі тарихи қақтығыстар оның бастапқы пішініне айтарлықтай әсер етті. Қазір реставрацияланған ескерткіштің биіктігі шамамен 71 метрді құрайды.
Анурадхапура қаласының аға археология қызметкері, монах Годамуне Паннасиха ескерткіштің ежелгі рухани маңызы туралы ойын ортаға салды.
«Мұнда шамамен 200 монах тұрды. Адамдар сауап жинау үшін киім-кешек, кітап, тамақ және барлық қажетті затын алып келетін. Бұл жер тірі рухани орталық болды», – деді Годамуне Паннасиха.
Паннасиханың айтуынша, тарихи деректерде монументтің ұшар басында жауын-шашын кезінде найзағайды қайтару мақсатында үлкен гауһар тас орнатылғаны айтылады. Дегенмен құрылыстың кейбір инженерлік шешімдері осы күнге дейін зерттеушілерге жұмбақ болып қалуда.
Діни бәсекелестік және сақталу тарихы
Джетаванарамая кешені тек ступадан ғана емес, жүздеген монахты сыйдыра алатын үлкен монастырь қалашығынан тұрды. Мұндағы барлық құрылымдар орталық күмбезге бағытталып салынған. Монахтар тұрғын үйлерінен шыққан сәтте алдымен ступаны көріп, өздерінің діни парыздарын еске алатын болған.
Зерттеушілердің пікірінше, алып ғимараттың бой көтеруіне сол кезеңдегі буддизмнің Тхеравада және Махаяна бағыттары арасындағы ішкі діни бәсекелестік те қозғаушы күш болған. Махасена патша өз ықпалы мен ілімін паш ету мақсатында өзге діни орталықтардан асып түсетін осындай ғаламат мегақұрылым тұрғызды. Құрылыс барысында жергілікті тұрғындармен қатар, Үндістаннан жеткізілген әскери тұтқындардың еңбегі, пілдер мен өгіз жегілген арбалар пайдаланылғаны айтылады.
«Джетаванарамая — адамдардың, материалдар мен инженерлік білімді сол замандағы кез келген өркениетпен бәсекелесе алатын деңгейде ұйымдастыра білген көне қоғамның тірі дәлелі».
Ғасырлар өте келе қала құлап, орман ішінде көрінбей қалғандықтан, Джетаванарамая әлемге Мысыр пирамидалары сияқты кең таныла қойған жоқ. Дегенмен бүгінде Анурадхапура археологиялық паркіне келетін миллиондаған зияратшылар мен саяхатшылар үшін бұл ескерткіш 1700 жыл бойы мызғымай тұрған адамзат ақыл-ойының шыңы ретінде бағаланады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







