Алматыда көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, абайтанушы және қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығына орай оның есімі берілген көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көше «Алматы Арена» көпсалалы мұз кешенінің маңында, Бауыржан Момышұлы көшесінің қиылысында орналасқан, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тағылымды іс-шараға қала басшылығы, мәдениет саласының өкілдері, жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және Қайым Мұхамедхановтың ұрпақтары қатысты.
Мерейтойлық әдеби кеш
Мерейтойлық бағдарлама «Alatau Creative Hub» орталығында «Қайым Мұхамедханов – ұлт руханиятының шамшырағы» атты әдеби кешпен жалғасты.
Басқосуда Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы мен ғылыми еңбектері туралы естеліктер айтылды. Ғалымның адамдық болмысы, ұстанымына беріктігі, Абай мұрасын зерттеуге қосқан үлесі мен ұлттық мұраға жанашырлығы жайындағы әңгімелер ғалымның тұлғасын тереңірек тануға жол ашты.
Іс-шарада Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы құттықтау сөз сөйледі.
«Қала көшесіне Қайым Мұхамедхановтың есімін беру – қазақ әдебиеті мен ұлттық руханиятқа көрсетілген зор құрмет. Ұлы Абайдың мұрасын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан мұндай тұлғалар ғасырда бір дүниеге келеді. Қайым аға – болмысы бөлек, ұстанымынан айнымаған қайсар тұлға. Халқы барда оның есімі ұлықталып, мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді», – деді қаламгер.
Кеш аясында ұйымдастырылған кітап және фотокөрмелер, бейнематериалдар ғалымның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен таныстырды. «Алатау» театрының өнерпаздары мен Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Қайым Мұхамедхановтың тұлғалық бейнесін ашатын поэтикалық композициялар мен сахналық қойылымдар ұсынып, әдеби кештің мазмұнын байыта түсті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







