Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммиті өтті. Жиында түркі елдері арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту, көлік-логистика байланыстарын дамыту, цифрландыру және Ұйымның халықаралық беделін арттыру мәселелері талқыланды. Саммит қорытындысы бойынша Анкара декларациясы қабылданды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ықпалдастықты тереңдету, Орта дәліздің әлеуетін арттыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын дамыту жөнінде бірқатар ұсыныс білдірді. Мемлекет басшысы Ұйым қызметі ашық диалог пен өзара құрметке негізделіп, әскери одаққа айналмауы керектігін атап өтті.
Саясаттанушы Шарип Ишмұхамедов Қазақстанның түркі мемлекеттері арасындағы байланысты нығайтудағы рөліне тоқталып, Президент бастамаларының өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге, халықаралық серіктестермен байланыс орнатуға және ортақ экономикалық жобаларды жүзеге асыруға беретін мүмкіндіктерін түсіндірді.
Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымындағы рөлі
— Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық беделін арттыру және «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын дамыту жөнінде бірқатар бастама көтерді. Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамытудағы рөлі қандай? Еліміздің түркі мемлекеттері арасындағы байланыстарды нығайтуға қосып отырған үлесі неден көрінеді?
— Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы саяси-дипломатиялық байланыстарды дамытудағы рөлі өте жоғары. Себебі 2009 жылы Қазақстан Әзербайжан, Қырғызстан және Түркиямен бірге Нахчыван келісіміне алғашқылардың бірі болып қол қойды. Бұл құжат кейін Түркі кеңесінің құрылуына негіз болды. Ал 2021 жылы ұйым Түркі мемлекеттері ұйымы ретінде қайта құрылды.
Қазақстанның рөлі бірнеше бағытта көрініс табады. Саяси тұрғыдан алғанда, еліміз мемлекет басшыларының басын қосып, ішкі және сыртқы мәселелер бойынша ортақ шешімдер қабылдауға арналған алаң ұсынады. Сонымен қатар Қазақстан түркі мемлекеттері мен Ресей, Қытай арасындағы, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасындағы байланысты дамытуда дәнекерлік қызмет атқарады.
Экономикалық тұрғыдан да еліміздің маңызы зор. Қазақстан – Транскаспий халықаралық көлік бағытының, яғни Орта дәліздің маңызды транзиттік-логистикалық орталығы. Бұл бағыт Әзербайжан мен Түркияны Қытай және Орталық Азия елдерімен байланыстырады. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің көлік қатынасында Қазақстан арқылы өтетін теміржол желілерінің орны ерекше.
Бұдан бөлек, Қазақстан ұйымның институционалдық дамуына, цифрлық ынтымақтастық пен мәдени дипломатияны нығайтуға үлес қосып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы мәдени, дипломатиялық, саяси және экономикалық ынтымақтастық құрылымы ретінде дамуы керек екенін үнемі атап өтеді. Ұйым әскери одаққа немесе үшінші мемлекеттерге қарсы бағытталған әскери блокқа айналмауы тиіс.
«Сондықтан дәл осы бағыт Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ұстанымының негізгі әрі маңызды бөлігі», – деді саясаттанушы Шарип Ишмұхамедов.
«ТМҰ +» форматы және оның мүмкіндіктері
— Бұл бастама Ұйымның халықаралық серіктестігін кеңейтіп, беделі мен ықпалын арттыруға қандай мүмкіндіктер ашады?
— «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматының мүмкіндіктері өте кең. Бұл бастама бірнеше бағытта жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ең алдымен, сауда, көлік және энергетика салаларында түркі мемлекеттерімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі, түркі әлеміне кірмейтін елдер есебінен Ұйымның халықаралық серіктестерінің қатары кеңейеді.
Екіншіден, Ұйымның халықаралық беделі артады. Ресей, Қытай және Иран сияқты мемлекеттердің, тіпті бақылаушы мәртебесінде қатысуы оның халықаралық деңгейдегі абыройын, танымалдығы мен ықпалын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматы Орта дәліз, Солтүстік – Оңтүстік көлік бағыты және «Бір белдеу – бір жол» бастамасы сияқты халықаралық көлік дәліздерін дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Бұл бағыттар Түркі мемлекеттері ұйымының мақсат-міндеттеріне қайшы келмейді, керісінше, бірін-бірі толықтыра алады.
Бұл жерде «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматы жаңа толыққанды мүшелерді қабылдауды емес, серіктестік клубы ретінде жұмыс істеуді көздейтінін түсіну маңызды. Яғни ынтымақтастыққа мүдделі мемлекеттерді, соның ішінде бақылаушы мәртебесінде тарту ұсынылады. Мұндай тәсіл Ұйымның қазіргі құрамын өзгертпейді және оған мүше елдердің мүдделеріне нұқсан келтірмейді.
Бұдан бөлек, бұл бастама Ұйымның БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ИЫҰ және Еуропалық одақ сияқты халықаралық құрылымдармен байланысын кеңейтуге ықпал ете алады. Егер Ұйымға мүше мемлекеттермен қатар бақылаушылар, серіктестер және ынтымақтастыққа мүдделі басқа да елдер қамтылса, бұл оның халықаралық мәртебесін нығайтып, әлемдік аренадағы ықпалын арттыруға мүмкіндік береді.
Көпвекторлы саясат және ұйым мақсаттары
— Мемлекет басшысы түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты әскери-саяси одақ құрумен байланыстырмай, экономикалық, мәдени және гуманитарлық ықпалдастықты дамытуға басымдық беретінін атап өтті. Бұл Қазақстанның сыртқы саясаттағы көпвекторлы ұстанымымен қалай сабақтасады?
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымы басқа елдерге қарсы бағытталған алаңға айналмауы керек деген бастамасының маңызын тағы да атап өткім келеді. Бұл – ашық әрі сындарлы ынтымақтастықты дамытуға негіз болатын маңызды қағидат.
ТМҰ аясындағы ынтымақтастық пен жекелеген мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынас – әртүрлі бағыттағы байланыстар. Сонымен қатар әр мемлекет өзінің ішкі саясатын дербес айқындап, ұлттық мүдделеріне сәйкес шешім қабылдайды.
Осы тұрғыдан алғанда, Президент Тоқаевтың ұстанымы мүше мемлекеттердің егемендігі мен дербестігін құрметтеудің маңызын көрсетеді. Ұйым әр елдің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, диалог орнатуға, әріптестікті нығайтуға және тәжірибе алмасуға қолайлы жағдай жасауы тиіс.
ТМҰ мүшелері өзара құрмет, тең құқықтылық және ашық диалог қағидаттарын басшылыққа алғаны маңызды. Мұндай тәсіл мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, түрлі саладағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді.
Түркі мемлекеттері ұйымы үнемі дамып, халықаралық кеңістіктегі қатысу аясын кеңейтіп, басқа елдермен әріптестік байланыстарын нығайтуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, «ТМҰ+» бастамасы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, Ұйымның әлемдік аренадағы орнын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Бұл ретте әр мемлекеттің ұлттық, тарихи және мәдени ерекшеліктерін ескеретін теңгерімді ұстанымның маңызы зор. Ортақ тарихи тамыр мен рухани құндылықтар ынтымақтастыққа берік негіз қаласа, әр елдің өзіндік болмысын құрметтеу бірлік пен өзара түсіністікті нығайтады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Ұйымның негізгі басымдықтары экономикалық даму, халықтың әл-ауқатын арттыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру болуы тиіс. Атап айтқанда, көлік, логистика, энергетика және мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға ықпал ететін басқа да салалар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары саналады.
Түркі әлемі елдерінің саяси және экономикалық даму деңгейі, мемлекеттік құрылымы мен қоғамдық дәстүрлері әртүрлі болғанымен, оларды тұрақтылыққа, өркендеуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылыс біріктіреді. Сондықтан барлық қатысушы мемлекеттің мүддесін ескеріп, тиімді әріптестікке қолайлы жағдай жасау маңызды.
Осындай ұстаным Түркі мемлекеттері ұйымының жүйелі дамуына, халықаралық серіктестерінің қатарын кеңейтуіне және халықтардың ортақ өсіп-өркендеуіне жаңа мүмкіндіктер ашуға жол береді.
Өңірлік мемлекеттермен байланыс және көрші елдер әлеуеті
— Саммит аясында Қазақстан Президенті Ресеймен де «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматы бойынша ынтымақтастық орнатуды ұсынды. Бұл бастама түркі мемлекеттері арасындағы өңірлік және мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қалай ықпал етеді?
— Ресейдің рөлі мен оның Түркі мемлекеттері ұйымы қызметіне қатысу перспективаларына келсек, бұл мәселені жан-жақты талқылау қажет. ТМҰ қандай да бір үшінші мемлекетке қарсы бағытталған ұйым болмауы керек. Керісінше, ол басқа елдермен диалог орнатуға, бейбіт қатар өмір сүруге және әріптестік байланыстарды дамытуға ашық мәдени-гуманитарлық әрі экономикалық алаң ретінде қалыптасуы тиіс.
«ТМҰ+» форматы Ресейдің қатысуымен экономика, логистика және көлік салаларындағы ортақ мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Мұндай ынтымақтастық Ресейдің Қазақстанмен және Орталық Азияның басқа да мемлекеттерімен географиялық жақындығын ескерсек, өңірлік байланыстарды дамыту тұрғысынан маңызды.
Сонымен қатар Ресей аумағында татар, башқұрт, саха, алтай, тувa, хакас және басқа да көптеген түркі халықтары тұрады. Сондықтан олардың тілін, мәдениеті мен тарихи мұрасын сақтау мәселелері де «ТМҰ+» аясындағы ынтымақтастық бағыттарының бірі бола алады.
Ресейдің осы форматқа қатысуы аталған мәселелерді Ұйым алаңында талқылап, ортақ ұстанымдар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бастамалар Қазақстан немесе Әзербайжан сияқты жекелеген мемлекеттердің атынан емес, бүкіл Ұйым атынан көтеріліп, диалогтың халықаралық ауқымын кеңейте түседі.
«Осылайша, ТМҰ басқа мемлекеттермен қарсыластыққа емес, әріптестік пен ынтымақтастықты дамытуға басымдық беруі тиіс. Ұйым Ресей, Қытай, Иран және аумағында түркі халықтары тұратын басқа да мемлекеттермен дербес диалог орната алады», – деп атап өтті саясаттанушы.
Бұл экономикалық, көлік, мәдени және гуманитарлық салалардағы байланысты кеңейтуге қосымша мүмкіндік ашады.
Анкара декларациясы және алдағы жоспарлар
— Саммит қорытындысында Анкара декларациясы қабылданды, ал ұйымға төрағалық ету міндеті Түркияға өтті. Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың саммитте көтерген бастамалары мен ұсыныстары алдағы кезеңде түркі интеграциясының дамуына қандай бағыт-бағдар бере алады?
— Анкара декларациясы 2026 жылғы 30 қазанда Түркі мемлекеттері ұйымының «Түркі бірлігінің ғасыры: бір тілде, бір ойда, бір істе» ұранымен өткен 13-саммитінде қабылданды.
Құжат Ұйымға мүше мемлекеттердің оны одан әрі дамытуға және бұрын қабылданған бағдарламалар мен бастамаларды іске асыруға бейілділігін растайды. Олардың қатарында «Түркі әлемінің келешегі – 2040» тұжырымдамасы мен ТМҰ-ның 2027–2031 жылдарға арналған стратегиясы бар.
Маңызды бағыттардың бірі – ортақ мәдени, сауда және басқа да жобаларды қолдауға арналған Түркі инвестициялық қорын құру. Мүше мемлекеттердің қорға қаржы бөлуі ресурстарды біріктіріп, бүкіл түркі әлемінің мүддесіне сай бастамаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік береді. Мұндай қаржылық тетіктер басқа халықаралық бірлестіктерде, соның ішінде БРИКС аясында да қолданылады.
Сонымен қатар Орта дәлізді дамытуға, цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, мәдени бірлікті нығайтуға және тарихи мұраны сақтауға ерекше назар аударылды. Бұған қоса, Ұйымның институционалдық құрылымын жетілдіру және хатшылықтың жұмыс мүмкіндіктерін кеңейту көзделген.
Тағы бір маңызды қадам – «ТМҰ+» форматын дамыту. Бұл бастама басқа мемлекеттерді Ұйымның іс-шараларына бақылаушы ретінде қатысуға тартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде халықаралық диалогты жандандырып, әріптестік байланыстар аясын кеңейтуге жол ашылады.
Бұдан бөлек, келесі жылы Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес пен Тұрақты өкілдер кеңесін құру жоспарланып отыр. Бұл құрылымдар мүше мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтып, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға ықпал етеді.
Жалпы, Анкара декларациясы бұған дейін қабылданған шешімдердің сабақтастығын сақтай отырып, Ұйым дамуының жаңа бағдарларын айқындайды. Құжат ТМҰ-ның институционалдық әлеуетін нығайтуға, халықаралық әріптестікті кеңейтуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Мұны Түркияда өткен 13-саммиттің маңызды нәтижелерінің бірі деп бағалауға болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







