Қазақстанда мектеп оқулықтарына қатысты дау қайта күшейді. Вице-премьер Аида Балаева кейінгі күндері баспалар мен азаматтардан түсіп жатқан сауалға жауап беріп, оқулық сапасына байланысты жиналған ескертудің аз емес екенін мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерден 700-ден астам түрлі қате мен кемшілік анықталған. Арасында техникалық, стильдік олқылық, нақты дерекке қатысты қате, орынсыз иллюстрация, оқу бағдарламасына сәйкес келмейтін материал, ескірген әдіс пен тұжырым бар.
Аида Балаева кейбір оқулықтағы жағдай ерекше алаңдататынын айтты. Әсіресе ұлттық мазмұнға дұрыс бейімделмеген көшірме материал, математикадағы қате анықтама мен дұрыс шығарылмаған есеп, оқу бағдарламасына кірмейтін шығармалар, тарихты бұрмалап түсіндіретін тұстар сынға алынған.
«Мәселе бір-екі баспаның ғана жұмысына тіреліп тұрған жоқ. Оқулық сапасы тұтас елдегі білім сапасына, баланың болашағына әсер ететін мәселе. Сондықтан мектепке жететін әр кітап сараптамадан өткенімен шектелмей, заман талабына, мемлекеттік стандартқа, қоғам сұранысына сай болуы керек», — деді ол.
Балаева қолданыстағы кейбір оқулық белгіленген мерзімнен әлдеқайда ұзақ уақыт бойы жаңартылмағанын да атап өтті. Жекелеген басылымдар тоғыз жылға дейін елеулі өзгеріссіз қолданылып келген. Осындай жағдайда оқулықты жаңарту әдепкі науқан емес, объективті қажеттілік.
«Білім саласында формализм жүрмейді. Бала қолына тиетін оқулық сапалы, нақты әрі уақыт талабына сай болуы тиіс», — деп нақтылады Балаева.
Оқу-ағарту министрлігі оқулықты кезең-кезеңімен жаңартуды жоспарлап отыр.
- 2026 жылдың 30 тамызына дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар;
- 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін 4 және 9-сыныптарға арналған оқулықтар;
- 2027 жылдың 1 сәуіріне дейін 8-сынып оқулықтары мектепке жеткізілуі керек.
Аида Балаеваның айтуынша, басты мақсат Қазақстандағы әр мектепті мазмұны сараланған, қазіргі білімге сүйенген, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының құндылықтары мен мемлекеттік басымдықтарға негізделген сапалы оқулықпен қамтамасыз ету.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







