Жамбыл облысындағы «Алтыналмас» компаниясының шахтасында тау жынысы құлап, жұмысшы көз жұмды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Трагедия 18 қыркүйек күні тіркелген. Бүгін ғана компанияның қызметкері жерасты тау-кен жұмыстарында слесарь болып істейтін азаматтың апат салдарынан аман қалмағаны белгілі болды.
Айта кетейік, «Алтыналмас» АҚ-ның негізгі акционерлері қатарында кәсіпкер Владимир Жұманбаев пен Нидерландыда тіркелген Gouden Reserves B.V. компаниясы бар.
Forbes журналының тізімінде Жұманбаев Қазақстанның ең ауқатты кәсіпкерлерінің ішінде 25-ші орында тұр.
Осы жазда Владимир Жұманбаевтың есімі Қырғызстандағы атышулы «Бауырластар шеңбері» қылмыстық тобын қаржыландырды деген күдікке байланысты халықаралық іздеуге енгізіліп, кейін ол тізімнен шығарылған болатын. Қазір бұл оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.
Соңғы кезде қазақстандық миллиардерге тиесілі зауыттарда осындай төтенше оқиғалар тым жиілеп кеткенін айта кету керек. Осыған дейін олигарх Владимир Кимнің шахтасында да адам өлімі тіркелген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

