Ақтөбеде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары бюджет қаржысын букмекерлік кеңселерде ұтылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақтөбе облыстық прокуратурасының тексеруі барысында спорт мектептерінің басшылары әуесқой спорт командаларынан спорт залдары мен алаңдарды жалға беру үшін жиналған қаражатты бюджетке өткізудің орнына өз қажеттіліктеріне жұмсап келгені анықталды.
Соңғы үш жылда облыста кәсіби спорт клубтарын дамытуға жұмсалатын шығындар екі есеге өскен. Осы уақыт ішінде республикалық және халықаралық жарыстарға дайындық пен қатысуға бюджеттен 13 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары осы қаржының 6 миллион теңгеге ставкалар жасаған.
Сонымен қатар «Ақтөбе» футбол клубының әуе сапарларына билеттерді бірнеше делдал арқылы нарықтағы бағадан 165 миллион теңгеге қымбатқа сатып алу фактілері де анықталған.
Прокуратура аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 4-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе талан-таражға салу») бойынша үш қылмыстық іс қозғады.
Тексеру қорытындылары Ақтөбе облысы заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды. Жауапты мемлекеттік органдарға бұқаралық спортты қаржыландыру жүйесін реттеп, бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

