Қазақстанның Украинадағы елшілігі Украинада жүрген Қазақстан азаматтарына елден кетуге кеңес берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Украинада артиллериялық атқылау мен әуе шабуылы жиілеуіне байланысты қауіпсіздік мақсатында Қазақстанның Украинадағы елшілігі Қазақстан азаматтарына белсенді ұрыс қимылдары жүргізіліп жатқан жерлерге жақын аумақтардан немесе Украинадан кету мүмкіндігін қарастыруды ұсынады», — деп жазылған елшілік хабарламасында.
Елшілік азаматтарды әуе шабуылы туралы ескертуге құлақ асуға, дереу баспаналарына баруға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, ресми органдардың ұсыныстарын орындауға шақырды.
«Қазақстан Республикасының азаматтары Украинадан Қазақстанға жету үшін жерүсті бағыттарын: Польша немесе Молдова арқылы, одан әрі коммерциялық әуе қатынасын пайдалана алады. Польша арқылы кеткен жағдайда Қазақстан азаматтарында шенген визасы болуы керек. Молдоваға кіру үшін виза қажет емес», — деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, елшіліктің консулдық бөлімінің байланыс телефондары: +38(044) 4831596, +38(044) 4891031. Қазақстан азаматтарына арналған сенім телефоны (төтенше жағдай кезінде): +380673470408.