Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания Алматының орталығындағы ғимаратты сатуға шығарды. Бұрын ол марқұм Болат Назарбаевқа тиесілі болған. Бұл туралы Orda.kz жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ауданы 1700 шаршы метр болатын, 0,4 гектар жер учаскесі бар ғимарат қаланың орталығында, Бостандық ауданында орналасқан. Ол 1953 жылы салынған, ал 1997 жылы толық жөнделген.
«Нысанның орналасқан жері өте тиімді, өйткені ол Алматының әкімшілік, сауда және мәдени орталығында орналасқан, бұл өз кезегінде мүлікке деген сұранысты арттырады», — деп жазылған нысанды бағалау туралы есепте.
Басылым мәліметінше, екі қабатты ғимараттың құны — 1,8 млрд теңге. Гаражы, автотұрағы бар, аумақта ағаштар, көгалдар өседі.
Басылым мәліметі бойынша бұл ғимаратты 2019 жылы сол жылы құрылған «BN Invest Capital» ЖШС сатып алған. Сол кезде оның құрылтайшысы және басшысы Болат Назарбаев болды.
«Компания бүгінгі күнге дейін бар, бірақ аты өзгерген. 2023 жылы ақпанда ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы Қуат Ахметов болды. Ол ЖШС атауын DBS-Trade Company деп өзгертті, ал жеті айдан кейін компанияны Ферман Асратовқа сатты (немесе берді)», — деп жазылған басылым ақпаратында.
Ғимаратты сату басталып кеткен, бастапқы бағасы — 1,8 млрд теңге.