Әлемдегі ең жабық әрі экономикасы оқшауланған мемлекеттердің бірі саналатын Солтүстік Корея соңғы жылдары ғаламдық деңгейдегі ең қауіпті кибер державаға айналды. Тұрғындарының басым бөлігі еркін ғаламторға қол жеткізе алмайтын, тіпті шетелдік фильмдерді көру ауыр қылмыс саналатын елдің хакерлері қазір халықаралық қаржы ұйымдары мен криптовалюта биржаларын еркін тонап отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Голливудтан басталған шабуыл және миллиардтаған ұрлық
Пхеньянның кибер саласындағы әлеуеті алғаш рет 2014 жылы әлемге мәлім болды. Ол кезде Lazarus Group хакерлер тобы Голливудтың ірі Sony Pictures киностудиясына ауқымды шабуыл жасаған еді. Бұған компанияның Ким Чен Ынға қастандық туралы баяндайтын «Сұхбат» комедиясын прокатқа шығаруға дайындалуы себеп болды. Хакерлер киностудияның ішкі жүйесін қиратып, құпия хат-хабарлар мен жарыққа шықпаған фильмдерді желіге таратып жіберді.
Уақыт өте келе саяси кек алу мақсатындағы шабуылдар мемлекеттік деңгейдегі жүйелі тонауға ұласты. АҚШ шенеуніктерінің мәліметінше, өткен айда солтүстіккореялық хакерлер әлемдегі ең ірі Binance криптобиржасынан бірден 6 миллиард доллар көлеміндегі активті жымқырған. Осылайша, ресми Пхеньянның ұрлаған жалпы қаражаты шамамен 13 миллиард долларға жетті. Бұған дейінгі рекорд Bybit платформасынан ұрланған 1,5 миллиард доллар болатын. Әдеттегідей Солтүстік Корея билігі бұл айыптауларды жоққа шығарды.
TRM Labs фирмасының аға тергеушісі Ник Карлсен Пхеньянның бұл салада бәсекелесі жоқ екенін атап өтті.
«Олар мүлдем бөлек деңгейде жұмыс істейді. Мемлекеттік кибертыңшылық бөлімін таза қылмыстық мақсатта қаражат ұрлауға пайдалану тәсілін олардан басқа ешбір ел қолданбайды», – деді Ник Карлсен.
Мектеп партасынан басталған сұрыптау
Мұндай қауіпті кибер жасақты қалыптастыру кездейсоқ жүзеге асқан жоқ. Елден қашқан азаматтар мен шетелдік сарапшылардың айтуынша, Пхеньян зерек балаларды мектеп жасынан бастап іріктейді. Математика мен информатикаға бейім оқушылар арнайы жабық мектептер мен академияларға жіберіліп, жылдар бойы кәсіби хакер ретінде даярланады.
Кезінде Еуропада оқып, технологияның даму қарқынын көрген Ким Чен Ын киберсоғыстың күшін ерте бастан түсінді. Оңтүстік Корея барлау қызметінің мәліметіне сәйкес, ол 2013 жылы-ақ киберқаруды зымырандар мен ядролық арсенал сияқты «әмбебап қылыш» деп сипаттаған. Бүгінде КХДР киберәскерінің құрамында кемінде 1800-ден 7000-ға дейін маман қызмет ететіні айтылады. Олар жыл сайын ондаған мың шабуыл жасап, қарапайым пайдаланушылардан бастап алпауыт қаржы жүйелеріне дейін нысанаға алады.
Ядролық бағдарлама мен Ресейге әскери қолдау
Пхеньян үшін кибершабуылдар қатаң халықаралық санкцияларды айналып өтудің басты тетігіне айналды. БҰҰ мүшесі саналатын бір мемлекеттің дерегінше, КХДР жаппай қырып-жою қаруларының шамамен 40 пайызын заңсыз киберқылмыс арқылы қаржыландырып отыр.
Сонымен қатар бұл қаражаттың Мәскеумен әскери ынтымақтастықты дамытуға жұмсалып жатқаны да алаңдаушылық туғызды. DTEX киберқауіпсіздік компаниясының маманы Майкл Барнхарт хакерлердің ұрлығы халықаралық қауіпсіздікке тікелей әсер етіп жатқанын жеткізді.
«Солтүстік Корея Ресейге әскерін, оқ-дәрілерін және қару бөлшектерін осы жүйе арқылы түскен қаражат есебінен жіберіп отыр. Сондықтан криптовалюта ұрлығы тек зардап шеккен биржаның мәселесі емес, ол ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі қатерге айналды», – деп ескертті сарапшы Майкл Барнхарт.
Жалған түйіндемелер және жасанды интеллект
Бұған қоса, Пхеньян технологиялық ортаға енудің тың тәсілдерін қарқынды игеруде. Олар жасанды интеллект құралдары мен бет-әлпетті өзгертетін арнайы бағдарламаларды пайдаланып, шетелдік Fortune 500 компанияларына қашықтан жұмысқа орналасады. Қытай немесе басқа ел азаматы кейпіне енген бұл мамандар тапқан табысын режимге жолдап қана қоймай, алпауыт корпорациялардың ішкі жүйесіне кіру мүмкіндігіне ие болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







