Заңгер, құқық қорғаушы Инга Иманбай Ербаян Мұхтардың ісіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ол «дабыл қағуға мәжбүрмін», — деп үндеу жасады.
Адвокаттың сөзінше, Ербаянның ісі бойынша сараптама дайын.
«Бірнеше күннен бері Сіздерге айтар жаңалығым бар деп жүргенім осы еді. Негізі сараптама әлдеқашан дайын болған. Бірақ, тергеуші оны екі күн бұрын ғана маған айтып, кеше сараптамамен танысуым керек еді. Мен тергеушімен келіскен уақытта күттім, ол қоңырауға жауап берген жоқ. Кеш болып кеткесін ватсапқа хабарлама жаздым. Жауабы маған сылтау, уақыт созу сияқты көрінді. Тергеуге қатысты күмәнім күшейді. Әйтпесе дайын тұрған сараптамамен таныстырудың несі қиын? Сондықтан, іс бұрмаланып, кінәлілер, Ербаянды осы күйге жеткізгендер жазасыз қала ма деген күмәнім күшейді. Сондықтан, жағдайды осы жерге ашық жазып, тергеуден, құзырлы органдардан жауапты ашық талап етемін!» — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін заңгер, құқық қорғаушы Инга Иманбай Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеу дұрыс жүргізілмей жатқанын мәлімдеді. Заңгер Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеушіге іздеу салды.
Сонымен қатар, бұған дейін депутат Нартай Аралбайұлы Мәжіліс мінберінде дүйім ел назарын тігіп отырған Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтардың жағдайына тоқталды.
«2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен.
Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген», — деді ол.