Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкімет сағатында Air Astana компаниясына қатысты бар былықты жайып салды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутаттардың алдында алғаш рет төбе көрсеткен Питер Фостер мұндай ескерту аламын деп ойламаған сыңайлы.
«Біздің депутаттардың бәрі мәселені көтеріп жатыр. Шынында да, Air Astana біздің аспанның Құдайы болып алған. Билеттің бәрі жақындаған кезде көтеріледі, арақашыққа байланысты деген бос әңгіме ғой. Билет жақындаған кезде көтерілмеу керек. Керісінше билет бағасы түсуі керек. Себебі ол билетті тезірек өткізу керек қой. Бұлар керісінше жұмыс істейді. Мына Air Astana-ны, лоукостердің мәселесін дұрыстап, майшаммен қарау керек. Фостер мырза, сіз деген шаңыраққа қараңыз. Сіз осы мемлекеттік заңына бағынуыңыз керек», — деді ол.
Жаңбыршин депутат Самат Мұсабаевпен бірге ұшақ 1 сағат кешікса, үш пайыз айыппұл салатын норма енгізгенін, алайда айыппұл өндіріп алу қиын екенін мәлімдеді.
«Енді қызықты қараңыздар. 2 тамызда Air Astana 12 сағатқа кешікті, әлі күнге дейін айыппұлын ала алмай жүрмін. Неге? Олар қитұрқы схема жасап қойған. Сайтына кіріп, өтінім беріп, оның жауабын алып, оған бару керек. Мен соның соңында әдейі жүрмін. Бәрібір аламын, алдында біреуін алдым. Алатын болсаңыз сол жазбаны, алатын ақшаны ешкімге жарияламауыңыз керек деген шарт қояды. Министр мырза, тек Air Astana емес, заңмен қарастырылған, қайтарылатын өтемақыны жеңілдетіңіздер. Адам өтінішті оңай беріп, ақша оның шотына тезірек түсуі керек. Бұлар өте қиын қылып қойған. Олардың сайтына көрінген адам кіріп, ішінен тауып алып, өтінішті жазып, ақшасын кері қайтарып алуы — өте қиын мәселе. Тек компьютерді білетін, ерінбей соның соңында жүретін адам ғана ақшаны қайтара алады. Бәрін әдейі істеп қойған», — деді ол.
Сондай-ақ, депутат Air Astana-ның бүкіл мультимедиасы өзге тілдерде екенін айтып, билет бағасына келгенде құнықпауға шақырды.
«Мемлекеттік тілдегі контент өте аз. Оны бірнеше рет айтып жүрміз. Бұл да үлкен мәселе. Неге ол жерде мемлекеттік тілде басымдық берілмейді? Ең болмаса 50-де 50 қылыңдар. Ал онда мультимедиадағы мемлекеттік тілдің үлесі 10 пайыз ғана болуы керек. Фостер мырза, сіз Парламентке бірінші келіп отырсыз. Қазақстан аумағына кіргеннен кейін бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғауыңыз керек, Қазақстанның заңын сыйлауыңыз керек. Осы жерде жағдайды жасауыңыз керек. Ақшаны бәріміз де жақсы көретін шығармыз, бірақ сіз пайда көреміз деп билетті көтере бермеңіз. Билеттің реті болуы керек. Сіз күнде жалақы көтеріп жатқан жоқсыз, жанар-жағармай бағасы күнде өсіп жатқан жоқ. Біздің территориямыз күнде резеңке болып созылып, өсіп жатқан жоқ. Ал сіздер бағаны көтересіздер. Билеттің бағасы 60 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін кетіп қалады. Олай болмауы керек. Министрлік бұл әуе компанияларын дұрыстап қолға алуға тиіс», — деді ол.
Жаңбыршинге Фостердің реакциясы ұнамай қалды. Оның езу тартқанын оңдырмай сынады.
«Күлетін ештеңе емес. Сіз күлмеңіз. Сіз осы жерде отырып алып, бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге ештеңені түсінбейтін Африкадағы абориген емеспіз. Ойнамаңыз! Бұл — Парламент, осы жерде отырғандары бәрі — халық сайлаған, халықтың өкілдері», — деп ашынды ол.