Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан әзербайжандықтардың несиесі кешірілді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Әзербайжанның банктері мен банктік емес несиелік ұйымдары Ақтауда AZAL ұшағы апатқа ұшыраған кезде қаза тапқан азаматтардың несиелерін есептен шығару туралы шешім қабылдады.
Әзербайжан банктер қауымдастығының бірлескен мәлімдемесіне сәйкес шешім қаза тапқандардың отбасыларына жанашырлық көрсету мақсатында қабылданған. Әуе апатынан қаза тапқандардың несиелері банктердің өз қаражаты есебінен өтеледі.
«Баку-Грозный рейсінің экипаж мүшелері мен жолаушыларының қайғылы қазасы бүкіл елге, соның ішінде Әзербайжанның банк қауымдастығына ауыр тиді. Әзербайжан Орталық банкінің ұсынысы бойынша қаза тапқандардың қарыздары есептен шығарылды. Қаза тапқандардың отбасы мүшелеріне көңіл айтамыз және зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектеспіз», — деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Жуырда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі адамдарды жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады.
«Қылмыстық істің барлық материалын әзірге ашқым келмейді, алдын ала тергеу, оның нәтижелері маған баяндалды. Бірақ бұл апаттағы Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сенімді түрде айта аламын. Әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтықты және адамгершілікті талап етеміз», — делінген Әзербайжан президентінің мәлімдемесінде.