«Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын (Tele2 және Altel) қатарлық компанияға сату келісімі аяқталды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы (KASE) мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Биржа мәліметі бойынша келісім 2025 жылы 14 қаңтарда аяқталған. «Қазақтелеком» «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлесін қатарлық PIH Communication LLC (Power International Holding) компаниясына сатты.
«Қазақтелекомның» негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.
2024 жылы «Қазақтелеком» өз мобильді активтерінің бірі – «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel брендтері) компаниясын Таяу Шығыстың жетекші конгломераттарының бірі саналатын қатарлық Power International Holding компаниясына сатуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.
Мамырда «Қазақтелекомның» акционерлері компанияның 100 пайыз акциясын сату жөнінде дауыс берді.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің мәлімдеуінше, келісім сомасы шамамен 1 миллиард доллар болады (2024 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы компания есебіне сәйкес, мәміле құны 536,2 миллиард теңге деп бағаланған).