Парламентте жоғары оқу орындарында бакалавриат мерзімін үш жылға дейін қысқарту туралы көтерілген депутаттық бастамаға Премьер-министр Олжас Бектенов ресми жауап берді. Үкімет басшысы қолданыстағы заңнама студенттерге үш жылда оқуды бітіруге қазірдің өзінде мүмкіндік беретінін, алайда оқу ақысы арзандамайтынын және барлық мамандыққа мұндай жеңілдік жасалмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Нарық төрт жыл күтпейді: депутаттың талабы
Парламент депутаты Махамбет Хасенов бастаған топ еңбек нарығындағы білікті мамандардың тапшылығын алға тартып, жоғары білім беру мерзімін оңтайландыруды ұсынған еді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2035 жылға қарай ел экономикасына 2,9 миллион маман қажет болады. Қазірдің өзінде жұмыс іздеу порталдарында жүздеген мың бос орын тұр, оның басым бөлігі нақты дағдысы бар мамандарға арналған.
Депутат инвестиция тартып, жаңа зауыттар салынғанымен, күрделі техниканы іске қосатын кадрлардың тапшылығы өндіріс қарқынын тежеп отырғанын жеткізді. Оның пікірінше, ақпараттық технологиялар, маркетинг, қызмет көрсету және туризм секілді тез өзгеретін салаларда төрт жыл оқу уақытты босқа жоғалтуға әкеледі.
«Үш жылдық формат – білім беру бағдарламасын жай ғана қысқарту емес, сол білім мен құзыретті тиімдірек форматта меңгеру. Нарық пен технология төрт жыл бойы күтіп отырмайды. Білім беру жүйесі де экономикадағы өзгерістерден қалып қоймауы керек», – деді депутат.
Бектеновтің жауабы: кредит көлемі мен оқу ақысы азаймайды
Үкімет басшысы халықаралық тәжірибеде үш жылдық та, төрт жылдық та үлгілер бар екенін айта келе, Қазақстанның заңнамалық базасы білім беру процесін икемді ұйымдастыруға жол ашатынын еске салды. Университеттерге бұған дейін академиялық еркіндік берілген, сондықтан оқу жылын екі семестрдің орнына үш триместрге бөліп оқыту тәжірибесі бірқатар жетекші оқу орындарында сәтті қолданылып жатыр. Қазірдің өзінде 16 мыңнан астам студент осындай қарқынды жүйемен білім алуда.
Алайда Премьер-министр оқу ұзақтығы қысқарғанымен, бағдарлама көлемі жеңілдемейтінін шегелеп айтты. Студенттер бәрібір бекітілген 240 академиялық кредитті толық көлемде меңгеруге міндетті. Тиісінше, оқу ақысы кредит санына қарай есептелетіндіктен, үш жылда оқып шыққан жастар үшін де диплом құны арзандамайды.
«Үш жылдық бакалавриат бағдарламаларын іске асыру заңнамамен реттеледі. Мұндай форматты білім беру бағдарламасын қарапайым механикалық қысқарту ретінде емес, кәсіби даярлық сапасына нұқсан келтірмей, оқу үдерісін икемдірек ұйымдастыру мүмкіндігі ретінде қарастырған жөн. Сонымен қатар бұл форматты қолдану мүмкіндігі нақты оқу саласының ерекшелігіне байланысты», – деп жауап берді Премьер-министр Бектенов.
Қай мамандықтарға үш жылдық оқу берілмейді?
Үкімет басшысының айтуынша, бакалавриатты үш жылға көшіруге мүлде болмайтын салалар бар. Бұл тізімге адам өмірі мен денсаулығына, қоғамдық қауіпсіздікке жауапты мамандықтар жатқызылған:
Медицина және ветеринария;
Педагогикалық бағыттар;
Өнер саласы;
Күрделі инженерлік, техникалық және жаратылыстану ғылымдары;
Бірқатар гуманитарлық маманданулар.
Мұндай салаларда болашақ мамандар міндетті түрде ұзақ мерзімді теориялық және клиникалық немесе өндірістік практикадан өтуі тиіс.
Ertenmedia ракурсы: Уақытты үнемдеу ме, әлде шала маман ба?
Оқу мерзімін қысқарту мәселесі қоғам үшін екіұшты жағдай туғызып отыр. Бір жағынан, жастардың диплом үшін төрт жыл бойы парта тоздырып, уақыт оздыруын тоқтатып, нарыққа бір жыл бұрын шығуы – отбасылық бюджетке де, экономикаға да пайдалы. Жас маман тезірек жұмыс істеп, салық төлеп, тәжірибе жинақтайды.
Екінші жағынан, оқу жылын демалыссыз үш триместрге созып, 240 кредитті үш жылға тығыздау студенттерге орасан зор психологиялық және физикалық жүктеме түсіреді. Барлық назары сынақтар мен емтихандарды тез тапсыруға ауған жастар өндірістік тәжірибеден қалыс қалып, теорияны үстірт меңгерген шала сауатты маманға айналып шыға келмей ме деген қауіп зор.
Нарыққа құр диплом емес, нақты біліктілік қажет болып тұрған шақта, сапаны құрбан етпей, оқу үдерісін дұрыс теңгеру – отандық жоғары білім беру жүйесі үшін ең үлкен сынақ болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







