Қатігездікпен адам өлтірді деген күдікке ілінген екі қазақстандық Ресейден экстрадицияланды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Күдіктілер 2023 жылы қаңтарда Шымкентте басқа үш адаммен бірлесіп, жеке араздықпен танысын өлтіруді жоспарлаған. Ойларын жүзеге асыру мақсатында күдіктілер тапанша, металл шыбықтар мен биталармен қаруланып, қолғап пен маска киіп, түнгі уақытта жәбірленушінің үйіне келген.
Олар терезелерді сындырып, үйге кіріп, жәбірленушіге аса қатыгездікпен көптеген дене жарақатын келтірген. Кейін үйдегі басқа адамдарды ұрып-соғып, жәбірленуші көз жұмған соң оқиға орнынан бой тасалаған.
Жәбірленуші ауыр дене жарақаты салдарынан жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған.
Күдіктілердің екеуі ізін суытпай ұсталып, әртүрлі жазаға тартылған. Ал қалған үш күдікті елден қашып үлгеріп, оған халықаралық іздеу жарияланған.
2024 жылы мамырда сыбайластарының бірі көршілес елден экстрадицияланып, сотталды.
«Қалған екі іздеудегі күдікті былтыр шілдеде Ресей Федерациясының Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір күдіктілер тергеу изоляторына қамалды», — деп жазылған хабарламада.
Бұл қылмыстарды жасағаны үшін оларға 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.