Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Салық кодексі жобасына енгізілетін бірқатар маңызды өзгерістер жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, ұсынылған түзетулер халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етіп, ел экономикасына жаңа серпін беруі тиіс. Қазір бұл ұсыныстар Мәжілістің жұмыс тобында қызу талқыланып жатыр.
Құмар ойын бизнесі туралы Аймағамбетов өз ұстанымын былай түсіндірді:
«Құмар ойындар, әсіресе букмекерлік кеңселер өте жоғары табысқа ие. Үкімет ұсынған жаңа Салық кодексінде олардың салығын 10%-ға көтеру қарастырылған. Иә, бұл бұрынғыдан жоғары, бірақ жеткіліксіз. Біз бұл көрсеткішті кемінде 20%-ға жеткізуді ұсынамыз. Осылайша бюджетке қосымша жүздеген миллиард теңге түседі».
Сонымен қатар, банк секторынан түсетін салық көлемі де артатын болады:
«Қазіргі ұсыныста банктерден алынатын корпоративтік табыс салығы 25%-ға дейін көтерілген. Біз мұны әділетті деп санамаймыз, өйткені банк секторының табысы өте жоғары. Әсіресе соңғы жылдары дивидендтер еселеп өсіп, қаржылық қызметтер құны артты. Сондықтан банктердің корпоративтік табыс салығын 30%-ға көтеруді талап етіп отырмыз. Бұл бюджетке айтарлықтай кіріс әкеледі».
Тағы бір маңызды ұсыныс
Аймағамбетов денсаулыққа зиянды өнімдерге де салықты арттыру қажет екенін жеткізді:
«Алкоголь – әлеуметтік тұрғыдан маңызды емес тауар, оған акцизді өсірудің ешқандай кедергісі жоқ. Ал трансмайларға келсек, бұл – өте арзан әрі зиянды өнімдер. Еуропаның көптеген елінде трансмайларға жоғары акциз енгізілген. Осы тәжірибені біз де қолға алуымыз керек. Нәтижесінде өндірушілер зиянсыз табиғи өнімдерге көшеді. Бұл денсаулыққа да пайдалы, бюджетке де қосымша түсім».
Сонымен қатар депутат дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге қатысты үкіметтің ұсынысын қатаң сынады:
«Дәрі-дәрмекке қосымша құн салығын енгізу мүлде дұрыс емес. Бұл ең алдымен зейнеткерлер, мүгедек азаматтар, балалар сияқты әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға тікелей соққы болады. Дәрі-дәрмектің бағасы күрт өседі. Біз бұл норманы қолданыстағы кодексте бар күйінде, яғни дәрі-дәрмек ҚҚС-тан босатылған күйінде сақтап қалуды ұсынып отырмыз».
Аймағамбетов медициналық қызметтердің де ҚҚС-пен қымбаттауы халыққа ауыр тиетінін атап өтті.
«Медициналық қызметтерге ҚҚС енгізілсе, емдеу құны күрт артады. Әсіресе халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары ем алудан қиналатын болады. Керісінше, медициналық ұйымдарға салынатын корпоративтік табыс салығын төмендету керек деген ұсыныс жасап отырмыз. Қазір олар мұндай салықты төлемейді», — дейді ол.
Депутат банк операцияларына ҚҚС енгізу туралы үкімет ұсынысын да қолдамайтынын ашық айтты:
«Қазірдің өзінде банк операциялары қымбаттап барады. Мысалы, бір ғана аударым құны соңғы кезде бірнеше рет көтерілді. Егер бұған ҚҚС қосылса, бұл банктің емес, қарапайым халықтың қалтасын қағады. Сондықтан банктердің негізгі қаржылық операцияларына ҚҚС енгізу мүлдем орынсыз деп есептейміз. Біз бұл норманы қабылдамауды талап етеміз».
Сондай-ақ…
Депутат эндаумент қорларының әлеуметтік маңызын ерекше атап өтті:
«Эндаумент қорлары елімізде білім беру мен әлеуметтік салаларды ұзақ мерзімді қаржыландыруда үлкен рөл атқарады. Біз қайырымдылыққа жұмсалатын қаржыға салық салмауды ұсынып отырмыз. Мұндай жеңілдік бизнесті әлеуметтік жауапкершілікке ынталандырып, қайырымдылықтың кең таралуына септігін тигізеді».
Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында депутат B2B мәмілелеріне арналған арнайы салық режимі туралы да пікір білдірді.
«B2B мәмілелеріне қатысты арнайы салық режимі мөлшерлемесін 12%-дан 8%-ға дейін төмендетуді ұсынамыз. Кәсіпкерлермен кездесулерде бұл мәселе жиі көтеріліп жүр. Мұндай өзгеріс бизнестің дамуына қосымша серпін береді».
Аймағамбетов салықты көбейтумен қатар, шығындарды оңтайландыру мәселесіне де тоқталды:
«Салықты көтеріп қана қоймай, шығындарды қайта қарау қажет. Мемлекет басшысы бұған дейін де имидждік шараларды, ірі форумдарды, қажетсіз ғимараттар мен стадиондар салуды азайтуға тапсырма берген болатын. Біз бюджет шығындарын қысқартып, қаражатты әлеуметтік маңызы бар бағыттарға жұмсауды ұсынамыз», — дейді мәжілісмен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

