Алматының Полиция департаменті жуырда ғана ұсталған, QazNews24 атты сатиралық паблик авторы Темірлан Еңсебектің екі ай мерзімге қамауға алынуына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Tengrinews.kz сауалына берген ресми жауабында полиция бұл іс сатиралық жазбаларға байланысты қозғалмағанын айтқан.
«Себебі басқада: ол этносаралық алауыздықты қоздырудың айқын белгілері бар жазба жариялаған», — деп түсіндірді полциия.
Полицейлер көп ұлтты Қазақстанда мұндай іске жол берілмейтінін айтты.
«Мұндай іс-әрекеттер біздің мемлекетіміздің негізгі қағидаттарының бірі саналатын этносаралық келісім мен халықтың бірлігіне нұқсан келтіреді. Мұндай іс үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабында көзделген», — деді полиция.
Полицияның мәліметтері бойынша Темірлан Еңсебектен бөлек, «жаппай іс-шараларды өткізудің белгіленген тәртібін бұза отырып, рұқсат етілмеген жеке пикеттерге шыққан» бірнеше азамат сот шешімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Айта кетейік, Темірлан Еңсебек 17 қаңтарда ұсталды.