Көптеген жүргізушілер күнделікті жол жүру кезінде байқаусызда смартфонның аккумуляторына орны толмас зақым келтіреді. Қазіргі заманғы гаджеттер бір мезетте навигатор, мультимедиа орталығы әрі байланыс құралы ретінде жұмыс істегенде жүйеге үлкен салмақ түсіп, батарея шамадан тыс қызады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Смартфондардағы литий-ионды аккумуляторлар жоғары температураға өте сезімтал келеді. Құрылғы үнемі қызып тұрса, батареяның химиялық тозу үдерісі жеделдейді. Соның салдарынан қуат сақтау көлемі күрт азайып, гаджеттің қызмет ету мерзімі бірнеше есеге қысқарады.
Көлік ішінде телефонның қызуына екі негізгі фактор себеп болады: сыртқы ауа райы және ішкі жүйелік жүктеме. Ашық күн сәулесі тікелей түсетін алдыңғы панель (торпедо) — құрылғы үшін ең қауіпті аймақ. Жабық тұрған көлік салоны санаулы минуттардың ішінде нағыз пешке айналады.
«Күн ашық әрі жылы күндері көлікті тұраққа қалдырғанда телефонды салон ішінде қалдырмаған жөн. Бірнеше минуттың ішінде көлік іші қаншалықты қатты қызып кететінін көбі ескере бермейді», – деп ескертті BGR сарапшысы Майкл Биззако.
Сонымен қатар бір мезетте бірнеше қосымшаны қатар пайдалану процессор жұмысын шегіне дейін жеткізеді. Жүргізуші көлік тізгінінде келе жатып GPS-навигацияны іске қосады, сонымен бірге онлайн-музыка тыңдайды, «ақылды үй» жүйелерін басқарады немесе телефонмен сөйлеседі. Мұндай көп тапсырмалы режим процессордың қызуын күрт көтереді.
Сымсыз жүйелер мен қуаттаудың қарама-қайшылығы
Көптеген заманауи көліктерде Apple CarPlay мен Android Auto жүйелері сымсыз түрде (Wi-Fi және Bluetooth арқылы) қосылады. Бұл байланыс түрі мәліметтерді тоқтаусыз алмасуды талап етеді. Радиомодульдердің үзіліссіз жұмыс істеуі телефонның корпусын одан әрі қыздырады.
Жүйеге салмақ түсірмеу үшін кейбір мамандар сымды байланысқа, яғни USB арқылы қосылуға кеңес береді. Бірақ мұнда да ескеретін тұс бар: кабелге жалғанған телефон автоматты түрде қуаттала бастайды. Ал қуаттау процесі батареяны тағы да жылытады. Нәтижесінде құрылғы сырттан да, іштен де қос бүйірден қысымға ұшырайды.
Бұл мәселені шешу үшін телефонды орналастыратын орынды мұқият таңдаған абзал. Салқындатқыш саңылауларына (дефлекторға) бекітілетін арнайы ұстағыштар өте тиімді көмектеседі. Олар телефонды тікелей күн сәулесінен тасалап қана қоймай, кондиционерден шыққан салқын ауа ағынымен салқындатып тұрады.
Сондай-ақ нарықта корпусты салқындататын кіріктірілген желдеткіші немесе жылу тарататын радиаторы бар заманауи ұстағыштар көбейді. Мұндай құрылғылар навигация қосулы тұрғанда температураны қалыпты деңгейде ұстап тұруға септігін тигізеді.
Төтенше жағдайдағы 15 минуттық ереже
Егер смартфон қолыңызға тигізбестей қатты ысып кетсе, шұғыл шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен телефонды қуаттағыш сымнан дереу ажыратып, пайдаланылмай тұрған барлық қосымшаларды жабу керек.
«Егер құрылғы шектен тыс қызып кетсе, ең бірінші кезекте “Ұшақ режимін” (Airplane Mode) қосқан дұрыс. Бұл мәліметтер алмасуды бірден шектейді, ал навигация желісіз де белгілі бір уақыт бойы бағыт-бағдарды көрсете алады», – деп нақтылады сарапшы.
Құрылғыны салқын жерге қойып, қалыпты температураға келуі үшін 10–15 минут мұрсат беру қажет. Егер бұл тәсіл нәтиже бермесе, смартфонды толықтай сөндіріп, сол 15 минуттық салқындату уақытын қайталаған жөн. Осындай қарапайым әдеттерді күнделікті қолдану телефон аккумуляторының өмірін ұзартуға көмектеседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






