Алматы облысының полициясы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Былтыр 4 қазанға қараған түні кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазір тараптарды соталды тергеу материалдарымен таныстыру процесі жүріп жатыр. Танысқаннан кейін қылмыстық іс оның заңдылығын тексеру және сотқа жіберу туралы шешім қабылдау үшін прокурорға жолданады», — деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін марқұмның отбасының адвокаттары ресми түрде мәлімдеме жасап, соталды тергеу аяқталғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ажал құшты.
Полиция департаментінің алдын ала деректер бойынша оның суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.